ПетроKазахстан: Баспасөз құралдары «ПетроҚазақстан» туралы : Iзгiлiкке толы iс-шара
Казакша

Іздеу
БАЙЛАНЫС ДЕРЕКТЕРІ
Iзгiлiкке толы iс-шара
27 қазан 2016 ж.
Жақында Қазалы ауданының Спорт кешенінде «Салауатты өмір салтын қолдаймыз» атты мүмкіндігі шектеулі балалар арасында спорттық сайыс өтті. Аталмыш шараның өтуіне «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясы мұрындық болды. Спорттық жарысқа мұнай компаниясының демеушілігіндегі «Шапағат» орталығының тәрбиеленушілері қатысты. Жыл сайын өткізілетін дәстүрлі сайыста биыл 3 команда  бақтарын сынады. Алғашқы бөлімде ережеге сай командалар өз топтарын таныстырса, қалған бөлімдер эстафеталық ойындар негізінде өрбіді. Тағдыр тауқыметін тартқан жандардың топтасып ойын өрнегін көрсетуінің де өзіндік себебі бар. Шара мақсаты да соны көздейді. Жарыс арқылы қимыл-қозғалыс қабілеттерін дамытып, дене бітімінің дұрыс қалыптасуын жетілдіру және достыққа, ұйымшылдыққа тәрбиелеу болып  табылады.

Әділ қазылар алқасының құрамында «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ның басқарма төрағасының орынбасары Суфия Даминова, Қазалы ауданының психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің меңгерушісі Злиха Әбіл және Спорт кешені директорының орынбасары Файзулла Набиевтер болды.
1995 жылы үкіметтік емес ұйым ретінде құрылған «Шапағат» мүмкіндігі шектеулі балаларды сауықтандыру орталығына былтыр 20 жыл толған болатын. Бүгінде аталған  орталық  облыс  бойынша мүгедек балаларды күндіз-түні стационарда қабылдай алатын жалғыз үкіметтік емес ұйым болып табылады. Қазіргі таңда орталықта 47 бала диагноздарына қарай 4 топқа топтастырылып тәрбиеленуде. Біршама жылдарды артқа тастаған орталық тағдыр тәлкегіне ұшыраған жандардың жылы ордасына айналып та үлгерді.

Сайыстың салтанатты ашылуында сөз алған «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ның басқарма төрағасының орынбасары Суфия Даминова бұл турнир «Шапағат» орталығы тәрбиеленушілерінің денсаулығы мен көңіл күйіне әрі уақытын тиімді өткізуіне ықпал ететінін атап өтті.

- Бұл жарысқа қатысушылардың барлығы да - жеңімпаз. Әрине, талантты, қайырымды балалардың оқуда да, еңбекте де жоғары көрсеткіштерге  ұмтылысы мен қиындыққа мойымайтын жігерлілігінен біздер үлгі алуымыз керек, - деді ол.

- «Шапағат» балаларды оңалту орталығында қызым үш жылдан бері тәрбиеленіп келеді. Мұндағы балалармен жұмыс жасаудың қиындығы жайлы жақсы білемін. Осындай кедергілерге қарамастан балалардың саулығы үшін қызмет етіп жатқан тәрбиешілерге ризамыз. Сондай-ақ, спорттық іс-шараның өтуіне ұйытқы болып, тікелей қаржыландырған «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясының ұжымына алғыс айтқым келеді, - деді ата-аналар атынан Айман Шәкімова.

Өз кезегінде «Шапағат» орталығы директорының орынбасары Мауе Ильясқызы да орталықтың 15 жылдан бергі тұрақты демеушісі саналатын петроқазақстандықтарға өз алғысын жеткізді. 

Спорттық сайыстың қорытындысы бойынша «Ынтымақ» тобы үшінші орынды місе тұтса, «Достық» екінші орынға ие болды. Ал дәстүрлі спартакиаданың көшпелі кубогы «Бірлік» тобына табысталды. Сондай-ақ, жарысқа қатысқан барлық команда мүшелеріне демеушілер тарапынан арнайы сыйлықтар берілді. 

«Шапағат» орталығымен тығыз байланыс жасап, тәрбиеленушілерін қанатының астына алған мұнай компаниясы өкілдері мұндай шараның әлі де жалғасын табатынын айтты.
1_13 2_3


← Жаңалықтар бетіне қайту