ПетроKазахстан: Баспасөз құралдары «ПетроҚазақстан» туралы : «БизнесLife» журналында мақала
Казакша

Іздеу
БАЙЛАНЫС ДЕРЕКТЕРІ
«БизнесLife» журналында мақала
19 тамыз 2013 ж.

Әрекетке нұсқаулық. Корпоративтік журнал

 

 

ТИІМДІ КОММУНИКАЦИЯЛАР КІЛТІ

 

 

«БизнесLife» журналының наурыздағы нөмірінде шығарылуы ұйымға күрделі мәселелер әкелетін не болмаса әрекетті басқару құралына айналатын корпоративтік журналдар туралы сараптық мақала жарық көрген еді. Осы тақырыптың жалғасы ретінде Қазақстандағы ең үздік корпоративтік журнал – PetroKazakhstan компаниясы шығаратын «Мұнайшы» жөніндегі мақаламызды ұсынамыз.

 

 

«Мұнайшы» журналы көлемі 62 беттен басталатын А4 пішініндегі түрлі-түсті басылым болып табылады. Ақпарат үш тілде – орыс, қазақ және ағылшын тілдерінде жарияланады. «Мұнайшы» 2000 жылдан бастап шыға бастады және 13 жылдың ішінде жұқа ғана бюллетеньнен b2p типіндегі (қызметкерлерге арналған) корпоративтік басылымдар шешуге міндетті барлық міндеттерді орындайтын толыққанды журналға айналды.

 

Бұл ең алдымен, компанияның саны көп қызметкерлерінің бір-бірінен географиялық жағынан алыс орналасу жағдайында белгілі бір маңызды коммуникациялық міндеттер болып табылады. «ПетроҚазақстан» компаниясында жалпы алғанда шамамен 3,5 мың адам жұмыс атқарады. Бұл мердігерлік мекемелердің қызметкерлерін қоспағандағы саны. Компанияның өңдеуші бөлімшесі Қызылорда облысында, мұнай қайта өңдеуші бөлімшесі Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан. Бас кеңсе Алматы қ. орналасқан. Астана қ. өкілдік жұмыс істейді, ол «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ акционерлерімен жұмыс жүргізеді. Басқа акционері – CNPC компаниясы Пекинде орналасқан.          

 

Осылайша, «ПетроҚазақстан» қызметкерлері әжептеуір үлкен географиялық аймақта шоғырланған және әрбір бөлімше өзінің өндірістік міндеттерін орындауы себепті бүгінде дәл осы «Мұнайшы» компанияның барлық бөлімшелерінің арасындағы коммуникацияның басты құралдарының бірі болып отыр.

 

Журналды әзірлеумен айналысатын топ, яғни стратегиялық коммуникациялар департаментінің қызметкерлері журналды әрбір жұмыскердің өз жұмысындағы табысын компанияның жалпы жетістіктерінің қатарында қабылдайтындай етіп, корпоративтік мәдениеттің бір бөлігіне айналдыра білді. «ПетроҚазақстан» компаниясының вице-президенті Бақытжан Исенғалиев атап өткендей, редакция әрбір қызметкердің жалпы компания немен айналысатынын, бұл бизнестің мәні неде екенін біліп, өзін өндірістік кезеңнің, мекеменің даму үдерісінің қатысушысы ретінде сезінуін басты міндеті санайды.  

 

 

covers_00 

 

 

 

Тақырыптар мен идеялар

 

 

«Мұнайшы» жылына төрт рет, әрбір тоқсанның соңында жарық көреді. Компаниядағы жаңа өндірістік жобалар, іс-шаралар, жетістіктер, өзекті жағдайлар, яғни үш ай ішінде орын алған барлық оқиғалар осы журналда көрініс табады. Және ұжым компания қызметі жайлы ақпаратты басшылық тарапындағы алғашқы көздерден және сараптық мақалалар, репортаж, сұхбаттардан алады. Бұл компанияның миссиясын, стратегиясын және мақсаттарын әрбір қызметкерге жеткізуге мүмкіндік береді. Редакция әрбір нөмірінде компанияның әлеуметтік өмірі жөнінде әңгімелейді, жұмысындағы үздіктердің еңбегін атап өтуге тырысады. Қызметкерлерді уәждемелеу мен бейматериалдық ынталандыру мәселелері осылай шешімін табады. «ПетроҚазақстан» аймақтық экономикалық көшбасшы, екі аймақтағы ірі жұмыс беруші болғандықтан компания корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік стандарттарын қатаң қадағалайды. Еңбек қауіпсіздігі, қызметкерлер денсаулығын сақтау, сақтандыру мәселелері, кәсіподақ жаңалықтары – журнал осылар жайындағы ақпаратты әрдайым жариялап отырады. Сондай-ақ компанияның демеушілік және қайырымдылық жобалары туралы мақалалар да назардан тыс қалмайды. Журнал компания өміріндегі ерекше оқиғаларды арнайы шығарылымдарымен атап өтеді. Мұның барлығы жалпыға түсінікті, бейресми тілмен, адами қатынастар тұрғысынан әңгімеленеді. Мысалы, журналда компанияның барлық бөлімшелерінің басшыларымен жүргізілген сұхбаттар топтамасы жарияланды. «Біз бүкіл менеджмент жұмысының құрылымын көрсеттік, - дейді Бақытжан Исенғалиев. – Біздің кен орнымызда немесе мұнай қайта өңдеу зауытында еңбек ететін жұмысшыға Алматы қ. орталық кеңсесіндегі менеджмент қалай жұмыс істейтіндігі, түрлі департамент жұмыстары неден тұратыны түсінікті болуы керек. Біз әрбір қызметкердің компаниядағы жалпы басты бизнес-үдерістер туралы білгеніне ұмтыламыз».  

 

Компания қызметкерлерінің білім өрісін кеңейтуді редакция өз міндеті деп санайды. Өнер, спорт, ғылым, білім және бірінші кезекте, компанияға қатысы бар салалардағы оқиғалар «Мұнайшы» журналының беттерінен көрініс табады.

 

Мысалы, журналда «Мұнай: жер қойнауынан – сіздің үйіңізге дейін» атты тұрақты айдар бар, онда «ПетроҚазақстан» компаниясының сарапшылары мұнай барлауынан бастап мұнай өңдеу өнімдерінен тұрмыстық бұйымдарды шығарумен аяқталатын бүкіл кезеңді көрсетумен технологиялық үдерістер туралы әңгімелейді. «Мұнайшының» арқасында қызылордалық қызметкерлер өздерінің шымкенттік әріптестерінің өндірістік және корпоративтік жаңалықтарынан өзара хабардар.

 

 Салауатты өмір салтын насихаттау – «ПетроҚазақстан» саясатының басты басымдылықтарының бірі. Төртінші жыл өткізіліп отырған «ПетроҚазақстан» Спартакиадасы компанияның мақтанышы болып табылады. Оған компанияның барлық бизнес-бөлімшелерінің қызметкерлері қатысады. Бұл нағыз спорттың, корпоративтік бірліктің және ыстық ықыластың мейрамы! Әрбір дерлік нөмірінде «Мұнайшы» оқырмандарын компанияның достарына айналған қазақстандық спорт жұлдыздарымен таныстырады. Серік Қонақбаев, Илья Ильин, Эвересті бағындырушы танымал Юрий Голодов туралы материалдарға көптеген жағымды пікірлер келіп түсті.

 

«Жас балалардың өмірде спортқа да орын бар екендігін түсінгенін қалаймыз, ол көбінесе айрықша ерлікпен, жауаптылықпен және тәртіппен байланысты болып келеді, - дейді Бақытжан Исенғалиев. – Біз әңгімелеген спорт адамдары Қазақстанды әлемге таныту үшін көп тер төкті. Ең болмағанда бірнеше бозбала осыны ұғынып, спортпен айналыса бастаса, біздің осы саладағы ағартушылық жұмысымыздың зая кетпегені».

 

Бүкіл Қазақстан халқының мақтанышы болып табылатын танымал адамдар туралы мақалалар да оқырмандардың жүрегінен ізгі орнын тапты. Мәселен, Бибігүл Ахметқызы Төлегенова жайлы. Компания осы жылы Ирина Серкебаеваның қаламынан шыққан  осынау керемет әншінің өмірі жөніндегі кітаптың жарық көруіне демеушілік етті.

 

Редакция әрдайым қызметкерлердің журналдан не жайында оқығысы келетіні туралы сауалнамалар өткізу арқылы кері байланысқа түсуге аса көңіл бөледі. Осылайша қызметкерлердің балалары, олардың қызығушылықтары мен жетістіктерімен бөлісетін «Біздің дарындар» айдары пайда болды. Немесе «Саяхаттар» айдары, мұнда компания қызметкерлері саяхаттап келген елдері жайында бөліседі.  

 

«Сарапшы» айдарында саяси және экономикалық оқиғалардың дамуы туралы пікірлер келтіріледі. Мысалы, редакция ҚХР-мен дипломатиялық қарым-қатынас орнауының 20-жылдығына орай сарапшы ретінде Қытай жөніндегі маман, ерекше тапсырмалар жөніндегі елші, мемлекеттік шекараны анықтау және белгілеу жөніндегі үкіметтік делегацияның Төтенше және Өкілетті Елшісі дәрежесіндегі басшысы Вячеслав Гиззатовты шақырды.  

 

 

 

 

 

Таратылуы және танымалдығы

 

 

Компанияның бет-бейнесі болып табылатын басылым сондай-ақ сыртқы байланыс қызметін де атқарады, мемлекеттік органдармен, инвесторлармен және серіктестермен қарым-қатынас кезінде «ПетроҚазақстанның» оң беделін қалыптастыруда үлкен рөл ойнайды.   

 

Журналды компания қызметкерлері ғана емес, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындары да оқиды. Алматы, Астана, Қызылорда, Шымкент қалаларында журналды әкімдіктің, басқа мемлекеттік органдардың қабылдау бөлмелерінен көруге болады. Журнал ҚР Мұнай және газ министрлігіне, ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, KAZENERGY қауымдастығыне және серіктес компанияларға міндетті түрде жеткізіледі және олар «ПетроҚазақстан» жағдайынан хабардар болып отырады.

 

Мұнай саласындағы көптеген әріптестеріміз «Мұнайшы» журналындағы мақалаларды қызықты әрі өзекті деп біледі. Оның үстіне материалды ұсыну көбінесе қандай да бір мәселе бойынша ашық диалог, ой-толғау түрінде беріледі.

 

 

 

Соңғы уақытта қоғамдық мекемелерден, қауымдастықтардан, қорлар мен оқу орындарынан журналға деген сұраныс көбейді. Мәселен, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде журналды әдістемелік құрал ретінде пайдаланады, өйткені мұндағы барлық мақалалар үш тілде бірдей беріледі. Кейбір ауылдық мектептерде «Мұнайшы» қазақ, орыс, ағылшын тілдерін оқытудағы таптырмас көмек болып отыр. Редакция мұны тек құптайды, өйткені осы арқылы жастар арасында мұнай өндірісін әйгілеу, демек, компанияға жалпы қажетті мамандықтарды таныту мүмкіндігі барын түсінеді.   

 

  «Мұнайшының» аударма мақалаларын оқу орындарымен қатар кеңселерде де қолданады. Жақында «ПетроҚазақстанның» бұрынғы президенті, ал қазірде PetroChina аға вице-президенті, CNPC Int. президенті Бо Чилян мырза компанияның пекиндік кеңсесіне үнемі жеткізіліп тұратын «Мұнайшы» журналы арқылы орыс тілін үйренетінін мойындады.

 

 

Журналды дайындау барысы

 

 

   Осындай әйгілі, сапалы журналды стратегиялық коммуникациялар департаментінің шағын қызметкерлер тобы әзірлейді. Қызылорда және Шымкент бөлімшелеріндегі қоғаммен байланыс бөлімдерінің пиар мамандары көмекке келеді. Мақалаларды қызметкерлердің өздері жазады, өздері аударады немесе аударма агенттіктерінің жұмыстарын тексереді. Мәтіндік және фотоматериалдардың сапасына үлкен мән беріледі.

 

«ПетроҚазақстан» компаниясының стратегиялық коммуникациялар жөніндегі директоры Махаббат Джайлғанова атап өткендей, сапалы өнім шығару шығармашылық тәсілді және жоғары дәрежелі жауаптылықты талап етеді. «Біз мақалаларды жазу, фотоматериалдарды таңдау, беттеу, журналды басып шығаруды қосқандағы өндірістің бүкіл барысына қатысамыз және бақылаймыз, - дейді ол. – Журналды дайындауға аса ыждаһаттылықпен кірісеміз. Нөмірдің соңғы нұсқасын бекітуге компания президенті Вэй Юйсян мырза қатысады, және ол журналды басынан бастап соңғы бетіне дейін оқып шығады, фотоматериалдардың әрленімі мен сапасын да бағалайды. Біз өз ісіміздің нәтижесіне үлкен талаптар қоямыз».

 

«Мұнайшы» тобы журналдан басқа корпоративтік бедел өнімдері – буклеттер, кітаптар шығарады. Мысалы, екі жыл бұрын мұқабасын рәсімдеуде ерекше шешім пайдаланылған «ПетроҚазақстан. Бизнес пәлсапасы» атты кітап жарық көрді. Оған қарап, «Мұнайшы» тобының шығармашылық, ой-өрісі биік парасатты жандар екенін түсінесің.

 

«Мұқабасында біз өмірлік күш-қуат пен тазалықты, қарапайымдылық пен толыққандықты, тепе-теңдік пен үйлесімділікті бейнелейтін «дзен» белгісін орналастырдық, - дейді Махаббат Джайлғанова. – Осы арқылы біз бизнестің ақша табумен ғана шектелмейтін үлкен дүние екендігін білдіргіміз келді. Бизнес адамдарға толыққанды өмір сүруге, өз әрекеттері мен ойларында үйлесімді және дәйекті болуға мүмкіндік береді».

 

Қазір компания қызметкерлері жөніндегі «ПетроҚазақстан» - бұл біз» кітап-альбомы басылымға дайындық үстінде. Кітапта компанияның әртүрлі бөлімшелеріндегі оператордан бастап басшыларға, бір отбасы мүшелеріне дейінгі «ПетроҚазақстанның»  жүзге жуық қызметкері таныстырылатын болады.

 

Нәтижесінде, ұжымды біріктіру мақсаты орындалады. Маркетологтар тілінде мұны компанияның ішкі байланыстарын тиімді орнату, қызметкерлер құрамын жанама оқыту, адами капиталға инвестициялау, қызметкерлер адалдығының деңгейін көтеру деп атауға болар еді. Адамдар өздерінің компаниялары үшін, оның жетістіктеріндегі өз үлестерінің болғаны үшін мақтаныш сезіміне кенеледі. Демек, олар рухани қанағаттанып және материалдық сый ала отырып, беріле еңбек етеді. Ал бұл компанияға да, қызметкерлерге де, мемлекетке де өте қолайлы.

 

 

Алматылық кеңсенің бухгалтерлер ұжымы:

 

-          Біз «Мұнайшы» журналы арқылы басқа департаменттердің жетістіктері жайлы, қызметкерлердің қызметтік және жеке өміріндегі қызықты оқиғалар туралы көп жаңа нәрсені біліп отырамыз. Бұл корпоративтік рухты көтереді және компанияның бір бөлшегі ретінде үлкен мақтаныш сезіміне бөленеміз, себебі кез келген кәсіпорын өз қызметі жайында осындай ауқымдағы сапалы журнал шығара бермейді.

 

 

Игорь Дядищев, Мұнай базаларын басқару жөніндегі менеджер:

 

-          Жеке мен үшін «Мұнайшы» журналында компанияның жалпы қызметі туралы мәлімет болғаны маңызды. Мен өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, еңбекті қорғау және экологиялық қауіпсіздік мәселелері жайында осы журналдан біліп отырамын. Компанияның әлеуметтік жобалары жайлы оқыған қызықты, бос уақытты өткізу туралы ақпаратта пайдалы. Журналдың түрлі халықтар тарихы мен дәстүрлеріне құрмет көрсету сезімін ұялататыны, салауатты өмір салтын қалай ұстануға болатыны жайлы әңгімелейтіні, спорт жөнінде көп жазатыны ұнайды. Мен өзімде «Саяхаттар» айдарының авторы болғанмын. Біздің журнал шынымен де қызықты әрі қажетті.

 

 

 

covers11

Жәмилә ӘБЕНОВА

 

БизнесLife    Тамыз, 2013 

 

 



← Жаңалықтар бетіне қайту