ПетроKазахстан: Баяндамалар мен жарияланымдар : Дағдарыстан жаңа мүмкіндіктер іздеу керек
Казакша

Іздеу
БАЙЛАНЫС ДЕРЕКТЕРІ


Дағдарыстан жаңа мүмкіндіктер іздеу керек
10 маусым 2009 ж.

Казахстанская правда (Аcтана), № 141 (25885), 11.06.2009 жыл.

Дағдарыстан жаңа мүмкіндіктер іздеу керек  /Любовь Доброта/

Еліміздегі мұнай өнімдері өндірісінің жалпы көлемінің үштен бірінен астамы Шымкент мұнай өңдеу зауытының еншісінде. «Petro Kazakhstan Oil Products» ЖШС бензин мен дизельдік отынның бірнеше маркасын, мазут, реактивтік отын мен сұйылтылған газ шығарады. Бірлескен Қазақстан-Қытай кәсіпорнының вице-президенті Азамат Әкішев кәсіпорын өз ресурстарын әзірше толық қуатымен пайдаланбай келе жатыр деп санайды. Ол соңғы он екі жыл бойы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының құрылымында жұмыс істеп келеді, сондықтан мұнай өнімдері нарығын жақсы біледі. Сөз арасында, бүгін Азамат Нұрдәулетұлы өзінің елу жылдық мерейтойын атап өтеді, алайда біздің кездесуімізге себеп болған – зауытты жаңарту бойынша ауқымды бағдарлама, оны іске асыру қажет екені туралы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Елбасы айтқан болатын.

- Біздің зауыт өнімдерді жеткізу тұрғысынан алғанда Қазақстанның ең бір тұрақты мұнай өңдеуші кәсіпорны болып табылады. Өткен жылы Шымкент мұнай өңдеу зауытында 4 308 190 млн тонна мұнай қайта өңделді. Өсу серпіні түсінікті болуы үшін, мұның осының алдындағы жылға қарағанда ширек миллион тоннаға артық екенін айтайын. Алдымызда ашық түсті мұнай өнімдерін шығару көлемін арттыру міндеті тұр. Ол үшін зауытта жаңа техникалық жағдайлар (стандарттар) әзірленді, ал өткен жылғы мамыр айынан бастап жаздық дизельдік отынның жаңа ДТЛ + -5 маркасының өндірісі игеріліп, сертификатталды. Бұл жаз айларында дизельдік отынды шығаруды арттыру есебінен ашық түсті мұнай өнімдерін шығару бойынша зауыттың көрсеткіштерін жақсартты, сондай-ақ әсіресе егіс кезеңінде жанар материалдардың осы түріне деген артып келе жатқан мұқтаждықты қанағаттандыруға мүмкіндік берді. Зауыт сондай-ақ экологиялық менеджменттің ең озық талаптарына және нормаларына сәйкес жұмыс істей алатынын табысты дәлелдеді. Тиісті халықаралық аудит жүргізілгеннен кейін, 2008 жылы мұнай және мұнай өнімдерін қайта өңдеу, тасымалдау, сақтау секілді қызмет түрлерін қамтитын ұйымдастырушылық құрылымның ISO 14001:2004 халықаралық стандартының талаптарына сәйкес әрекет ететінін куәландыратын сертификат берілді. Сондай-ақ технологиялық процессті бақылауды жетілдіруге бет алған зауытта тағы бір маңызды жаңалық: «Сигма-файн» (Sigma-Fine) кешенді компьютерлік жүйесін іске қосу аяқталып қалғанын айта кеткім келеді. Бұл жүйе мұнай және мұнай өнімдерінің материалдық балансын есептеп шығаруға, және де кез келген уақыт кезеңі үшін тораптар, қондырғылар, цех пен зауыт бойынша бөлек есептеп шығаруға арналған.

Солай болғанымен, бізде түйінді мәселелер де бар. Зауыт елдегі үш мұнай өңдеу зауытының арасындағы ең «жас зауыт» екеніне қарамастан, қысқартылған тәсім бойынша жұмыс істейді де, мұнайды қайта өңдеу тереңдігі жағынан Павлодардың мұнай өңдеу зауытынан кем түседі. Мұның негізгі себебі – баяу кокстау мен катализдік  крекинг қондырғыларының, яғни, ашық түсті мұнай өнімдерінің көбірек пайызын шығарып алуға мүмкіндік беретін екінші дәрежелі екі үрдістің технологиялық тізбекте болмауы.

— Азамат Нұрдәулетұлы, Үкімет отандық мұнай өңдеу зауыттарын жаңарту бағдарламасын бекітті, тіпті зауыттарды қайта құрылмалаудың алдын ала құны да аталды: үш миллиард АҚШ долларынан астам. Сіздің ойыңызша, мұның маңызы қаншалықты және тап сіздердің кәсіпорындарыңызда бұл бағытта не тындырылып жатыр?

– Шымкент МӨЗ құрылысы 1972 жылы басталды, ал 1985 жылдың қаңтарында зауыт алғашқы өнімін берді, соңғы технологиялық қондырғы іске пайдалануға он жеті жыл бұрын енгізілді. Сондықтан зауыттың жабдығы ескірді және сапа стандарттарының талаптарына сәйкес өнімдер бере алмайды. Оны осыдан он жыл бұрын жаңарту керек еді. Кезінде зауытта катализаторлық крекинг қондырғысы іске пайдалануға қосылмағанына байланысты, ашық түсті мұнай өнімдерін өндіру 62 пайыздан аспайды. Өздеріңіз қарап көріңіздер. Жуырда жанармай сапасын қадағалау жөніндегі халықаралық орталық (IFQC) әлемнің түрлі елдерінде жанармай сапасын зерттеу жұмысын жүргізді. Оның нәтижелері бойынша жасалған рейтингте Қазақстан 90-шы орын алды. Ал тізімде барлығы бір жүз позиция. Осы көрсеткіштер бойынша біз тіпті Өзбекстан мен Әзірбайжаннан кенже қалып отырмыз. Жоғары октанды бензиннің 35 пайызына дейін біз Ресейден әкелеміз. Егер біз жанармай тапшылығы мәселесін қазір шешпесек, онда болашақта импортшыларға түгелдей тәуелді Украинаның кебін киюіміз мүмкін. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Жолдауында былай деп атап айтқаны кездейсоқ емес: «біз қолданыстағы келешегі мол инвестициялық жобаларды қаржыландыруды және іске асыруды жалғастырамыз. Бұл ең алдымен – мұнай өңдеу зауыттарын жаңарту». Жаңарту барысында біз бірнеше мақсатқа қол жеткізбекпіз. Олардың қатарында – ашық түсті мұнай өнімдерін өндіруді 62 пайыздан 85 пайызға дейін арттыру, сондай-ақ мұнай химиясы өнімдерін – полипропилен, бензол және қарапайым күкірт өндірудің есебінен сұрыпталымды кеңейту. Басым бағыттардың қатарында сондай-ақ өндірілетін өнімдерді ЕВРО-4 стандарттарының талаптарының деңгейіне дейін көтеру және экологиялық параметрлердің сапасын жетілдіру ісі де бар. Зауыттың шикізат бойынша қуаты алты миллион тоннаға жетеді. Біз тиісті маркетингілік зерттеулер жүргіздік, жылдың соңына дейін аяқталуы жоспарланып отырған жаңарту жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде, ал содан кейін жобалық жұмыстар және тікелей қайта құрылмалаудың өзі басталады деген үміттеміз. Осы жылдың 14 мамырынан бастап ҚР Үкіметі «Қазақстан Республикасының мұнай өңдеу зауыттарын дамытудың 2009—2015 жылдарға арналған кешенді жоспарын» бекіткенінің маңызы зор. Бұл құжаттың басты мақсаты – еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мұнай өңдеу саласын кешенді түрде дамыту.

– Бүгін бүкіл әлем қаржылық және экономикалық дағдарысты бастан кешуде. Оның салдары сіздердің мұнай өңдеу зауатының жұмысына әсер етті ме?

– Иә, біз әлемдік дағдарыстың салдарын едәуір қатты сезіндік. Біріншіден, мұнай бағасының құлдырауы мұнай өнімдерінің сыртқы және ішкі нарықтарындағы маркетингілік жағдайдың нашарлауына әкелді. Мұнай өнімдерін өткізуде қиыншылықтар туындады. Әсіресе бізге өткен жылдың қарашасынан биылғы жылдың ақпанына дейінгі кезең ерекше қиынға соқты. Зауыттың барлық резервуарлары түгелдей толды да, біз мазутты қоймаға жауапты сақтауға қайтадан қоюға мәжбүр болдық. Зауыт 287 мың тоннадан астам, немесе айына 72 мың тонна мазут шығарды. Ал еліміздің ішкі нарығына қажет мазуттың көлемі шамамен айына 150 мың тоннаны құрады. Сөйтіп, барлық мұнай базалары мазутқа лық толды. Тіпті мазутты жыл сайын тұтынатын Шымкенттік «Энергоорталық-3» АҚ жылыту маусымында мазуттан бас тартты, өйткені олар үшін газ тұтыну одан гөрі пайдалы болып шықты. Екіншіден, теңгенің девальвациялануы біз алыс және жақын шетелдерден шетел валютасына сатып алатын жабдық пен қосалқы бөлшектерге жұмсалған шығынымыздың айтарлықтай артуына әкеліп соқты. Жасыратыны жоқ, Шымкент МӨЗ Ресей, Украина, АҚШ, Германия, Польша және басқа елдердің импорттық өндірістік қондырғыларымен және жабдығымен жарақталған. Ал ондай жабдыққа қосалқы бөлшектер мен жинақтауыш құрылғылар Қазақстанда не мүлдем шығарылмайды, не техникалық стандарттар бойынша өлшемдерге, жарылыстан қорғау, материалдардың сапасы және басқа параметрлер бойынша талапртарға сәйкес келмейді. Дегенмен 2009 жылы зауыт тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді он миллиард теңгеден астам жалпы сомаға сатып алуды жоспарлап отыр. Олардың Қазақстанда шығарылатын үлесі 61 пайызды құрайды деп күтілуде.

— Азамат Нұрдәулетұлы, компания басшылығы дағдарыстың теріс салдарын жеңу бойынша қандай шаралар қабылдауда?

— Біз дағдарысқа қарсы шаралардың кешенді бағдарламасын қабылдадық, оның негізгі құрамдас бөліктері - барлық шығындарды оңтайландыру, пайдасыз және бейінді емес активтерді сатып өткізу, операциялық және әкімшілік шығындарды айтарлықтай қысқарту, сондай-ақ қызметкерлер құрамын оңтайландыру бойынша бағдарламаны іске асыру болып табылады. Қаражатты қалайша және қайда жұмсау туралы шешімдер қабылдауда анағұрлым жауапты болуға, басым бағыттарды анағұрлым айқын белгілеуге тура келеді. Ал ең маңыздысы – біз зауыттың жұмысшы қызметкерлер құрамын жаппай қысқартуға және жұмыстан шығаруға жол бермедік. Қытай тілінде «дағдарыс» деген иероглиф бар, ол сондай-ақ «қатер» мен «мүмкіндік» деген мағынаны береді. Бір жағынан дағдарыс бізді ойлануға, анағұрлым жақсы әрі серпінді жұмыс істеуге мәжбүр етеді. Екінші жағынан дағдарыс бізге өзімізді көрсетіп, жақсы жақтарымызды ашуға, кейбір жайттарды ой елегінен өткізуге, алға ілгерілеу үшін жаңа жолдар іздеуге мүмкіндік береді. Дағдарыстан біздің нығайып, күшті болып шығатынымызға сенімдімін.

— «Petro Kazakhstan Oil Products» ЖШС әрқашан да бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі саясатына адалдығымен ерекшеленетін. Кәсіпорын басшылығының сіздің компанияларыңыздың стратегиясын түзету туралы ниеті бар ма?

— Көптеген мұнай компанияларын өз шығындарын анағұрлым үнемдеуге мәжбүр еткен қаржылық дағдарысқа және мұнай бағасының күрт құлдырауына қарамастан, «ПҚОП» әлеуметтік жауапкершілік саясатынан бас тартуды ниет етпейді. Жыл сайын облыс әкімшілігі мен компанияның арасында әлеуметтік көмек көрсету туралы меморандумдар жасалады. Мәселен, биыл облыстың әлеуметтік жобаларына бір миллион АҚШ долларын бағыттау туралы шешім қабылданды. Біз балет мектебіне, қамқорлығымыздағы Сайрам балалар үйіне, «ОҚО әйелдер мен балаларды қолдау орталығы» Қоғамдық Қорына, «Жұқпалы аурулардың алдын алу мен емдеу жөніндегі «Ана мен бала» орталығы» мемлекеттік мекемесіне тұрақты демеушілік көмек көрсетіп келеміз. Зауыт Жұлдыз кентіне апаратын су құбырының құрылысын қаржыландырды, енді оның тұрғындары сапалы ауыз су ішіп отыр. Біз сондай-ақ спорттық-сауықтыру жөніндегі көптеген іс-шараларды өткізуді қолдаймыз. Бұл біздің қала, сондықтан да бізді оның жағдайы мен болашағы толғандырмай қоймайды.



← Жаңалықтар бетіне қайту