Petrokazakhstan Kumkol Resources – Petrokazakhstan Қазақстан-Қытай компаниясының өндіруші бөлімшесі – Құмкөл мұнайының аса ірі өндірушілерінің бірі болып табылады. Компанияның таяу уақыттағы жоспарлары туралы Argus агенттігімен өткізген сұхбатында компанияның стратегиялық байланыстар жөніндегі вице-президенті Бақытжан Исенғалиев әңгімелеп берді.
– Компанияның үстіміздегі жылға арналған жоспарлары қандай?
– Petrokazakhstan Kumkol Resources компаниясының үстіміздегі жылы мұнай өндіру көлемі 3,1 млн тонна деңгейінде жоспарланған. Компания 6 кен орнын, соның ішінде Құмкөл кен орнының оңтүстік-шығыс бөлігін, Оңтүстік Құмкөл, Қызылқия, Арысқұм, Майбұлақ және Солтүстік Нұралы кен орындарын қазбалау жұмыстарын жүргізуде.
Әзірше өндіру кестесінен шамалы кешеуілдеу байқалып отыр, себебі, өткен қыста компания кен орындарында электр қуатын өшіріп тастау жайттарымен бетпе-бет келген болатын. Қазір біз кестеден кешеуілдеуімізді жоюдамыз, және жоспарлы санға жетеміз деген сенімдеміз.
– Компания қысқа мерзімді болашаққа алдына қандай мақсаттар қояды?
– Қазіргі сәтте келесі жылға, сондай-ақ алдағы 5 жылға арналған бюджет пен жұмыс бағдарламасын түзету ісі аяқталып келеді. Жуықтағы 2 жылда біз жаңа кен орындарын ашу есебінен жылына 3,2 млн тонна мұнай өндіру деңгейіне (кестені қараңыз) шығуды көздеп отырмыз. Барлау жұмыстарына біз жылына 50 млн АҚШ долларын құямыз, және де бұл өз жемісін беруде. 2008 жылы бұрғыланған 19 барлау ұңғымасының ішінде 14 ұңғыма сәтті болып шықты.
Мұнайды өндіру бір кен орнынан емес, бірнеше кен орнынан жүзеге асырылатыны, 350-ден астам ұңғыманың іске пайдаланылуы компанияның бизнесінің тиімділігіне әсерін тигізеді. Шикізаттың сапасы жақсы, алайда өндірілетін мұнайдың сулану деңгейі жоғары. Сонымен қатар біз ресурстардың біртіндеп таусылуымен бетпе-бет келіп отырмыз, сондықтан біз үшін басты міндет жаңа кен орындарын барлау мен іске пайдалануға енгізу есебінен ресурстық базамызды кеңейту болып қалып отыр. Жаңа алаңдардың бір бөлігі Қазақстанның Қызылорда облысында, Құмкөл тобы орналасқан жерде, ал жаңа алаңдардың екінші бөлігі Қарағанды облысында орналасқан. 2009 жылғы 1 қаңтардағы деректер бойынша Petrokazakhstan Kumkol Resources компаниясының жалпы қорлары 93,3 млн тонна мұнайды құрайды.
– Жаңа алаңдар іске пайдалануға қаншалық тез енгізілуі мүмкін?
– Жаңа кен орындары үшін лицензия алу және бұрыннан бар лицензияларды ұзарту рәсіміне белгілі бір уақыт жұмсау қажет. Сонымен қатар, таяудағы үш жылда біздің ресурстарымыз бен күш-қуатымыздың айтарлықтай бөлігі компанияның иелігіндегі Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңалау бойынша кең ауқымды жобаға бөлінетін болады.
– Зауытты жаңалау туралы толығырақ айтып берсеңіз.
– Қазір біз мұнай өңдеу зауытында жылына 4,1 млн тонна мұнай өңдейміз, ал біздің міндетіміз – 2014 жылға қарай жылына 6 млн тонна мұнай өңдеу деңгейіне шығу. Сонымен бірге, шығарылатын өнім Евро-3 стандарттарына сәйкес болуға тиіс, ал ашық түсті мұнай өнімдерін шығаруды арттыру деңгейі 90%-ға жетуге тиіс. Зауытты жаңалау біздің өзекті қаржылық міндетіміз болып табылады. Қазір біз аталған жоба бойынша өзекті шешімдерді қабылдау сатысында тұрмыз. Жаңалау барысында зауыт әдеттегі режимде жұмыс істеп, мұнай өңдеудің жоспарлы көлемдерін азайтпайтынын айта кету керек.
– Компанияның акционерлері – CNPC пен «Қазмұнайгаздың» ынтымақтастығын қаншалықты табысты деп айтуға болады?
– Оның сәтті екені сөзсіз. Үстіміздегі жылғы қыркүйек айының соңында Пекинде өткен Халықаралық Форумда мен өзімнің баяндамамда Қазақстан мен Қытайдың Ұлттық екі компаниясының тиімді ынтымақтастығының мысалы ретінде «ПетроҚазақстан» компаниясының қызметін атап өттім. Қытайлық инвесторлар Құмкөл тобын игеру жобасына жаңа технологиялар енгізіп, бизнесті жүргізу мен оның тиімділігін арттыру бойынша салиқалы тәсілдерді паш етті. Соңғы бірнеше жылда Petrokazakhstan Қазақстанның аса ірі мұнай өндірушілерінің ондығына кірді, сөйтіп, ол елдегі басты салық төлеушілердің бірі болып табылады. Қазіргі кезде компанияның 3400 қызметкерінің қатарынан шетелдік қызметкерлердің үлесіне небары шамамен 2% тиетінін айта кетейін.
– Қытай компанияларының Қазақстан нарығына таралуы қаншалықты елеулі жайт болып табылады?
– Ресми деректер бойынша, ҚР мұнай-газ нарығындағы 92 компанияның 56-сы – шетелдіктер қатысатын компаниялар, соның ішінде 20 компания – қытайлық, және елдегі жалпы өндіру көлеміндегі олардың үлесі 20%-дан асады. Уақыт өте келе, Қашағанда мұнай өндіру басталғаннан кейін бұл көрсеткіш азаяюы мүмкін.
– Өткен аптада Қытайдан келген инвесторлардың «Барлау Өндіру Қазмұнайгаз» компаниясының ірі акциялар пакетін сатып алғаны туралы ақпарат пайда болды.
– Депозитарлық қолхаттардың 11%-ы – ойланып, кесіп-пішу үшін едәуір жеткілікті нышан. Біз ғаламдық нарықтың әрекетінің нәтижелерін көріп отырмыз, онда нарықтың қаржылық құралдарымен жұмыс істеу таразыланып, мұқият ойластырылған шешімдерді талап етеді.
Petrokazakhstan Kumkol Resources компаниясының мұнай өндіруі
Жыл | Көлемі (млн т) | соның ішінде жаңа кен орындарында өндіру (мың т) |
2008 | 3,20 | – |
2009 | 3,10 | – |
2010 | 3,00 | 250 |
2011 | 3,20 | 480 |
2012 | 3,16 | 570 |