“ПҚҚР” АҚ-да 2022-2025 жылдарға арналған жаңа ұжымдық шартқа қол қойылды.
Ағымдағы жылдың 10 тамызы күні «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамында жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасында үш жыл мерзімге жасалған жаңа ұжымдық шартқа қол қойылды.
Маңызды іс-шараның модераторы – басқарма төрағасының еңбек және әкімшілік жөніндегі орынбасары Суфия Даминова болды. Маңызды құжатты жұмыс беруші тарапынан «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ басқарма төрағасы Чжао Сяомин және жұмыскерлердің мүдделерін білдірген «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ кәсіподақ комитетінің төрайымы Бақыт Мұқашева қол қойып бекітті.
Жаңа ұжымдық шартқа қол қою «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ еңбек ұжымының өміріндегі маңызды оқиға саналады. Шарт жобасы қол қойылмас бұрын еңбек ұжымдарында — цехтарда, бөлімдерде кеңінен талқыланды. Екі тарап жүргізілген келіссөздердің оңайға соқпағанын мойындайды, дегенмен сындарлы диалог нәтижесінде дерлік барлық негізгі мәселелер бойынша келісімге қол жеткізілді.
Ұжымдық шарттың жаңа редакциясында еңбек ету үшін лайықты және қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз етуге арналған әлеуметтік саладағы негізгі ұстанымдар сақталып, жақсартылды.
Еңбек ұжымын жаңа шартқа қол қойылуымен шын жүректен құттықтап, оны әзірлеуге қатысқандардың барлығына және әрбіріне алғысын жеткізген Чжао Сяомин өз кезегінде компания қызметінің тиімділігі ұжым ішіндегі ауызбірлікке, жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің ынтымақтастығына байланысты екенін атап өтті. Өзара келісімге келіп, осындай маңызды құжатқа қол қойылғанға дән ризалығын білдірді.
Жаңа ұжымдық шартқа қол қоюдың маңыздылығы мен уақтылығын кәсіподақ комитетінің көшбасшысы Бақыт Мұқашева атап өтті:
«Бірлескен ауқымды жұмыс атқарылды. Жаңа ұжымдық шарт барынша жақсы әрі терең пысықталып, айтарлықтай салмақты болып шықты. Екіжақты комиссияға сындарлы және нәтижелі жұмыс жасағаны үшін алғыс айтқым келеді. Баршаңызды жаңа ұжымдық шарттың бекітілуімен құттықтаймын.»
Сондай-ақ, мұнайшыларды «Қызылорда облыстық кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев құттықтап, жаңа ұжымдық шарттың жұмыскерлердің бойына ертеңгі күнге деген зор сенім ұялатып, нәтижесінде компанияның өндірістік қызметіне оң әсер ететінін атап өтті.
Жұртшылықпен байланыс бөлімі