Мұнай өңдеу
1985 жылы Шымкент қаласында салынған «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС – Шымкент мұнай өңдеу зауыты республикадағы ең жаңа зауыт болып табылады. Зауытта Қазақстанның үш мұнай өңдеу зауыты шығаратын мұнай өнімдерінің қазіргі көлемінің шамамен 30%-ы өңделеді. Шымкент МӨЗ – бұл Қазақстанның оңтүстігінде, республика аумағындағы халқы ең тығыз қоныстанған бөлігінде орналасқан мұнай өңдейтін жалғыз зауыт. Қолайлы географиялық орналасуын және жоғары техникалық мүмкіндіктерін ескере отырып, осы кәсіпорынның ішкі және сыртқы нарықтарға жеткізілімдерді жүзеге асыру үшін барлық алғышарттары бар. 2018 жылы ШМӨЗ-де жаңғырту мен қайта құру ауқымды жобасының іске асырылуы аяқталғаннан кейін шығарылатын жанармайдың сапасы К-5 стандарттарына дейін артып, өндірістің экологиялық қауіпсіздік деңгейі көтеріліп, зауыттың жобалық қуаты жылына 6 млн. тоннаға дейін ұлғайды. Сондай-ақ қазақстандық нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін ақшыл мұнай өнімдерінің өндірісі ұлғайды. Шымкенттік МӨЗ-ді жаңғырту мен қайта құру жобасы мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске асырылды. Жобаны іске асыру үшін салынған инвестициялардың көлемі 1,8 млрд. АҚШ долларын құрады. ШМӨЗ-ді жаңғырту жобасының аяқталуы – Қазақстанның 2018 жылы индустриялық дамуындағы ең маңызды оқиғаларының бірі болды. Жаңғырту жобасы аяқталғаннан кейін «ПҚОП» ЖШС-нде автоматтандырудың, цифрландырудың, өндірістік процестерді одан әрі жетілдіру және шығарылатын өнімнің сұрыпталымын кеңейтудің озық жаңа технологиялары саласындағы халықаралық тәжірибесі кеңінен енгізілуде, бұл өз кезегінде, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және CNPC жетекші ұлттық компаниялары деңгейіндегі тиімді және жемісті ынтымақтастықтың арқасында мүмкін болды.
Зауыт үшінші тараптардың мұнайын қайта өңдеп, толлинг негізінде жұмыс істейді. Шикі мұнайды өңдеу қызметтерінің бағасы ҚҚС есептемегенде тоннасына 35 336 теңгені құрайды. Мұнай өнімдерінің сұрыпталымына бензиннің (АА-92-К4 және АА-95-К4), дизельдік жанармайдың (ДЖ–К4, ДЖ-Е-К4, ДЖ-Қ-К4) түрлі сұрыптары, сондай-ақ авиациялық керосин, сұйылтылған газ, техникалық күкірт, мазут кіреді.
«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС шығаратын өнімі ЕЭО мемлекетаралық стандарттарына, атап айтқанда, жетекші әлемдік компаниялардың заманауи және жоғары технологиялық процестері мен қайта өңдеу технологияларын қолдануы және жоғары білікті қызметкерлер құрамының болуы салдарынан КО ТР 013 Кеден одағының техникалық регламентіне сәйкес келеді.
Біріктірілген менеджмент жүйесінің аясында «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-нде келесідей менеджмент жүйелері әзірленіп, енгізіледі және өзекті күйде сақталады, сондай-ақ олар үнемі жетілдіріледі:
Халықаралық ISO 9001:2015 стандартының талаптарына сәйкес келетін Сапа менеджменті жүйесі (СМЖ). «ПҚОП» ЖШС СМЖ жүйелік және процестік ұстанымдарға негізделген. Жүйелілік қағидаты компанияны басқаруда белгілі бір мақсаттарға жетуге бағытталған өзара байланысқан процестер жүйесі ретінде жүзеге асырылады. Технологиялық тәсіл мақсаттарға қол жеткізуге барынша әсер ететін процестерді ажыратуға мүмкіндік береді.
2017 жылы «ПҚОП» ЖШС СМЖ халықаралық ISO 9001:2015 стандартының жаңартылған талаптарына сәйкес сертификаттаудан өтті. Жыл сайын «Русский Регистр – Евразия» сертификаттау қауымдастығымен талаптардың сәйкестігін растайтын инспекциялық аудиттер жүргізіледі.
Халықаралық ISO 14001:2015 стандартының талаптарына сәйкес келетін Экологиялық менеджмент жүйесі (ЭМЖ). ЭМЖ экологиялық көрсеткіштерді және жалпы тиімді қызмет етуді жақсартудың негізі болып табылады. Экологиялық менеджмент жүйесі қалдықтарды азайтудың және кірісті жоғалтпай тиімділікті арттырудың қуатты құралы болып табылады.
2017 жылы «ПҚОП» ЖШС ЭМЖ халықаралық ISO 14001:2015 стандартының жаңартылған талаптарына сәйкес сертификаттаудан өтті. 2020 ж. 4-ші тоқсанында «Русский Регистр – Евразия» сертификаттау қауымдастығымен ЭМЖ сыртқы қайта сертификаттау аудиті сәтті өтті. ЭМЖ саласындағы құжатталған рәсімдер қайта қаралды. «ПҚОП» ЖШС маңызды экологиялық аспектілерінің тізілімі жасалды. Теріс әсерді азайту және экологиялық аспектілерді жақсарту жөніндегі іс-шаралар айқындалды.
Ұлттық ҚР СТ ISO 50001:2012 стандартының талаптарына сәйкес келетін Энергетикалық менеджмент жүйесі (ЭнМЖ). ЭнМЖ «ПҚОП» ЖШС-не 2014 жылдан бастап енгізілді. 2018 жылдың 21 тамызында энергетикалық менеджмент жүйелеріне (ЭнМЖ) қойылатын талаптарды белгілейтін ISO 50001 стандартының соңғы нұсқасы жарияланды. ISO 50001:2018 стандарттың екінші редакциясы болып табылады. ISO 50001:2018 стандарты бизнеске бағытталған, өзекті және ұйымды өзгертуге серпін беретін стандарт болып табылады. Оның мақсаты – ұйымдарға энергия менеджменті саласында, оның ішінде энергия менеджментінің энергия тиімділігі, энергияны пайдалану және тұтыну сияқты аспектілерде тұрақты жақсартуға қажетті жүйелер мен процестерді құруға мүмкіндік беру. Стандарт деректер мен фактілерге негізделіп, энергия менеджментіне жүйелі түрде әдіс-тәсіл табуға көмектесетін талаптарды белгілейді. ISO 50001:2018 стандартында қарастырылатын өзара байланысқан екі элемент – энергетикалық тиімділік көрсеткіштері және энергетикалық базалық желілер – ұйымдарға энергия менеджменті саласындағы жақсартуларды көрсетуге мүмкіндік береді. Жаңа стандарттар талаптарына сәйкес бола отырып, биыл «ПҚОП» ЖШС-нде ҚР СТ ISO 50001:2018 стандартының жаңа нұсқасына көшу процесі басталды.
ISO 45001:2018 халықаралық стандартының талаптарына сәйкес келетін Денсаулық сақтау менеджменті және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі (ДСМжЕҚҚЖ). 2009 жылдан бастап «ПҚОП» ЖШС-нде OHSAS 18001:2007 халықаралық стандартының талаптарына сәйкес денсаулық сақтау менеджменті және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі әзірленді және енгізілді. 2020 жылы «ПҚОП» ЖШС-ның ДСМжЕҚҚЖ «Русский Регистр – Евразия» сертификаттау жөніндегі қауымдастығымен ИСО 45001:2018 жаңа стандартының талаптары бойынша сертификаттаудан сәтті өтті. ИСО 45001:2018 талаптарын ескере отырып, СМЖ, ЭМЖ және ДСМжЕҚҚЖ жөніндегі нұсқаулық қайта қаралды және бекітілді. ДСМжЕҚҚЖ бойынша құжатталған рәсімдер қайта қаралды. КЕҚОҚ бойынша жоғары қауіп-қатерлер тізілімі жасалды және бекітілді. Қауіп-қатерлерді төмендету бойынша іс-шаралар әзірленді.
«Қазақстан Республикасының кейбір заң актiлерiне мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу мәселелерi бойынша толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 09 сәуірдегі № 500-V Заңымен алғашқы ресми жарияланғанынан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізілетін бірқатар өзгерістер енгізілді (2016 жылғы 21 сәуірдегі № 75 «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған).
Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 20 шілдедегі № 463-IV Заңының 18-бабының 5) тармағына сәйкес келесідей талаптар сақталған жағдайда, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС Мұнай жеткізушілеріне тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді:
- мұнай жеткізушіде сатып алынатын (қабылданатын) шикі мұнайдың және (немесе) газ конденсатының және (немесе) өңдеу өнімдерінің шыққан жерін растайтын құжаттардың болуы;
- мұнай жеткізушіде жеткізілетін шикі мұнайдың және (немесе) газ конденсатының және (немесе) өңдеу өнімдерінің сапасын растайтын құжаттардың (сапа паспорты) болуы;
Бұл ретте «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС өз қызметінде ҚР мұнай өндіруші кәсіпорындарының өңдеу қызметіне тікелей рұқсат етудегі қандай да бір кедергілердің болуын жоққа шығарады.
Шикі мұнайды өңдеу бойынша қызмет көрсетуге арналған өтінішті және құжаттар тізбесінің нотариалды куәландырылған көшірмелерін (Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 09 сәуірдегі № 500-V Заңы) тапсырыс хатпен немесе қолма-қол келесідей мекен-жайға тапсыру қажет: 050059, Алматы қаласы, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 244 -А.