/**/

«ПҚОП» ЖШС-ның Жас мамандар кеңесі-Еріктілері алғыс хаттармен марапатталды.

«ПҚОП» ЖШС-да Еріктілер қозғалысы, атап айтқанда Жас мамандар кеңесі 2014 жылы құрылған және зауыт басшылығы оларға құрылған күнінен бастап қолдау көрсетіп келеді. Жас мамандар кеңесінің құрамына кіретін еріктілер өткен жылы пандемия кезінде қаланың аз қамтылған отбасыларына елеулі көмек көрсетті. Кеңес Шымкент қаласының Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, Еңбекші, Абай, Әл-Фараби және Қаратау аудандарының әлеуметтік көмекке мұқтаж 100 отбасына көмек көрсету үшін «Жанға жылу» атты қайырымдылық акциясын өткізді. «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-ның жас мамандары қатарынан құрылған еріктілер қауіпсіздік ережелері мен санитарлық нормалардың талаптарын сақтай отырып, көмекке мұқтаж отбасыларына азық-түлік пакеттерін жинап, тапсырды. Карантин шаралары енгізіліп, еліміздің тұрғындары үшін қиын болып тұрған уақытта бастамашыл топ көмекке өте мұқтаж болып отырған, жағдайлары ауыр отбасыларына көмек көрсетті. Сондай-ақ еріктілер Төле би ауданында жеті баланы тәрбиелеп отырған жалғыз басты анаға балаларына қажетті киім-кешек пен азық-түлік өнімдерін алып берді, асырауында мүмкіндігі шектеулі балалары бар 10 отбасына азық-түлік пакеттерін алып берді. Үйі толық жанып кеткен бір отбасына өрт болған жерді жинастырып, тазалауға көмектесіп, ең қажетті заттарды сатып алуы үшін ақша жинап берді. Кеңес мүшелері еліміздегі эпидемиологиялық жағдай жақсарып, карантин аяқталғаннан кейін көмекке мұқтаж бірқатар отбасыларына тағы да көмек көрсетуді жоспарлап отыр. Біздің жастарымыздың елімізде болып жатқан жағдайларға және көмекке мұқтаж жандарға немқұрайлы қарамауы елеусіз қалмады. Жоғарыда аталған шараларды ұйымдастырып, мұқтаж жандарға көмек көрсеткендері үшін «ПҚОП» ЖШС-ның еріктілері «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның «Құрмет» грамотасымен және «Самұрық Қазына» АҚ Әлеуметік өзара ықпалдастық және коммуникация орталығының дипломымен марапатталды. Біз сіздер сияқты еріктілерді мақтан тұтамыз және істеріңізге сәттілік тілейміз!    

Вы переходите на pkop.petrokazakhstan.kz