Мұнай батыр
Ерте , ерте , ертеде, Аллаһ тағала Адам атаны батпақтан жасап болып, денесіне жан салып жатқан кезде,беріп жатқан демінің бір тамшысы жерге түсіп, топыраққа сіңіп кетіпті.Сол тамшыны Жер-Ана 9 мың жыл көтеріп жүріп, дүнйеге Мұнайды алып келген екен. Бұлай дейтін себебіміз,Мұнайдың туған жылын дөп басып айту мүмкін емес. Ғасырлар бойғы зертеулердің нәтижелерін қанша сараптаса да, жаратылыстану ғылымының ғұламалары да бір түйінге келе алмай отыр. Алайда, осы ғалымдардың ашқан жаңалықтары мен ой-жорамалдарына сүйенсек, б.ғ.д 6000 жылдары Мұнайдың жер бетіне шыққанын топшылауға болады. Осыған қарап, бір ғасырда бір жасқа толатын Мұнайдың жасы, тоқсанға аяқ басып қалғанын байқаймыз.
– Аспанда Құдай, жерде Мұнай, қақ ортасында Адай – деп айтқан, бір тентектеу бабаларымыздың сөзіне жүгінсек, Адамнан Мұнайдың бір табан кішілігі көрініп тұр.
Әлқисса , Мұнай іңгәләп дүниеге келгенде, бет-аузы тыржиған, қап-қара, әлсіз, әлжуаз болыпты. Бұғанасы қатқанша, былқ-сылқ етіп, көп уақытқа дейін көтеріле алмапты. Балалық шағы да елеусіздеу өтіп, соңынан ерген жалғыз қарындасы Ілеспе қыз екеуі ана құшағынан алысқа ұшпай өмір сүрген. Солай бола тұра, Адамның игілігіне жарауға ұмтылып, талпынған көрінеді. Себебі ол бүкіл әлемнің Адам үшін жаратылғанын және оның жер бетіндегі даралығын сезе білген. Сондықтан болар, Мұнай алғашқы кездерде Адамның емдік мақсаттарына жарап – тас май, қараңғыда жарық, жаурағанда жылу болып – жанар май, Нұх пайғамбарымыздың кемесіне су өткізбей – қара май деген атақтарға ие болған. Тек он тоғызыншы ғасырда ғана, Адам атасы, осы қара баланы қасына шақырып алып:
– Мұнайжан, маған жақын жүр. Бүгіннен бастап талай-талай жиындарға қатысып, небір сайыстарға түсесің. Көзіңнің оты бар екен! Түбі сен қара алтынға айналасың! Жаппар Ием жарылқап, жолың болсын!!! – деп батасын берген екен. Осы уақыттан бастап қана, Мұнай ат жалын тартып, етек-жеңін жинап, жан-жағына көзін тіге бастайды. Адымын алшақтатып, екі иығынан дем алып, жиырмасыншы ғасырда, Батыс пен Шығысты, Түстік пен Теріскейді өзіне қаратып, дүниенің төрт құбыласына толығымен билігін құрды. Мұнай батыр атанды. Қамбада жатқан кездерін ұмытып, таққа мініп, дүркіреп тұрған шағында:
– Жер асты Мұнай, жер үсті Мұнай, Адайжан сәлем айт меннен, Аспанына еге болсын Құдай! – деген кездері де болды. Асты, тасты. Барлық тіршілік пен тірлік осының әмірімен жүрді. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрғанда, ізінен ерген қарындасын, тағыма таласар деген оймен жойыпта жібергісі келген. Бірақ, Мұнай жүрген жердің барлығында Ілеспеқыз көзден ғайып болып, ешқашанда қолға түспеген. Тек осы қарындасынан ғана қорыққан
Мұнай батыр, жанына шырақ ұстап жүрген. Кемелденіп, ақыл тоқтата бастаған кезінде, көп ойланып, райынан қайтып, Ілеспеқызға енші бөліп беріп, отау тігіп бөлек шығарған көрінеді. Ерке өскен сұлу қыз, еркін өскен сұлу қыз Адамға қызмет еткісі келмей, соғыс құралына айналып, адамзат баласын қырғынға ұшыратқан кездері де болған екен. Дегенмен де, сонау жиырмасыншы ғасырда, Ілеспеқыз атын өзгертіп, Көгілдірқыз, Сұлугаз атанып, халыққа түгелдей қызмет жасай бастады. Аумалы-төкпелі қылығы бар осы қызға, жұрттың бәрі үреймен қарайтыны да осы мінезі болса керек. Мұнай батыр қарындасына қызмет тауып беріп, көңілін бір жайлап алған соң, жер бетін қойып, көкке көзін қадай бастады.
Өзінен тараған ұрпақтарының, адамзаттың барлық тірлігіне араласып, жер жүзіне мәлім болған шағында, айға иек артты. Бұл мақсатта орындалды! Қуатымен көкті тесіп өтіп, атойлап барып Айға қонақтады! Күн аумағындағы кеңістікті шарлай бастады. Бірақ, одан әріге аспады. Жас келді ме, күш кеміді ме, тартыншақтай берді.
Ғалымдарға, шығу тегі жұмбақ болған қара алтын,адамзатқа күш-қуат болған Мұнай батыр қартайды. Кейбір замандарда бей-берекет шашылғанына, ысырап болғанына қынжылды. Халықтың аузына қақпақ бола алмайсың. Әртүрлі әңгімелер айтыла бастады. Мұнайдың жер бетіне әкелген пайдасынан зияны көп деушілер көбейді. Дегенменде, Мұнай батыр, өзі қартайған сайын, жер бетінің көркейгенін, Адам баласының жасарғанын көріп, ынта – жігері артып, марқайып отырды.
Әлқисса, Адамды өзіне тәнті еткен, мәртебесі өте жоғары Мұнай батыр, жиырма бірінші ғасырғада ат ойнатып, дүбірлетіп, жер шарын шулатып кірді. Өзін жамандағандарға бағасын өсіріп, құндылығын танытып, тізгінді қолдан шығармағандығын көрсетті. Әртүрлі лауазымды есімдерге ие болған ол, жойқын күш иелері Атом, Электр қуаттарымен тізе қосып, адамзатты жаңа белестерге жеткізуге құлшыныс білдірді. Себебі, оларды Аллаһ тағалам Адамға бағынышты етіп жаратқан еді.
Тапалов Шерхан
Қызылорда облысы, Құмкөл кеніші
“ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз” АҚ УМР бөлімшесінің жұмысшысы