/**/

“ҚҰМКӨЛГЕ” – 30 ЖЫЛ

ЕЛ НЕСІБЕСІН МОЛАЙТҚАН 

ҚАЗЫНАЛЫ МЕКЕН

Кеше мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күні және «Құмкөл» кеніші игерілуінің 30 жылдығына орай Н.Бекежанов атын¬дағы музыкалық драма театрында мерекелік шара өтті. Салтанатты жиынға қатысқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев “Құмкөл” кенішіне түрен салған еңбек ардагерлерін, мұнай-газ саласының қызметкерлерін құттықтап, мерейтойлық төсбелгі медалін, Құрмет грамотасын, Алғыс хаттарын табыстады.
– «Қос тойың қабат болсын!» дегендей, биылғы жылы бұл кәсіби мерекені тойлау – Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық және «Құмкөл» кенішін игерудің 30 жылдық мерейтойларымен тұспа-тұс келіп отыр. Құмкөл кенішінің ашылуы – Сыр өңірінің мұнайлы өлке ретінде дамуы мен өнеркәсіптік аймаққа айналуының негізін қалады. Осы уақыт ішінде  өңірімізде мұнай-газ кластері қалыптасып, мұнайдан өзге ілеспе газ бен конденсат өндіру қолға алынды. Сонымен бір¬ге, мұнай өнімдерін пайдаланып, жылу мен электрэнергиясын  шығаратын кәсіпорындар бой көтерді. Мұнай өндіру – облыс экономикасы тайқазанының негізгі бөлігін толтырып отырған сала. Бүгінгі күні облыс аумағында «қара алтын» өндірумен 49 кеніште 23 компания айналысады. Мұнай кеніштерін игеру өз кезегінде отандық мұнай-сервистік компаниялардың дамуына жол ашты. Қазір бұл салада бір қатар компаниялар мұнай-сервистік белдеуді қалыптастырып, жергілікті жұмыс пен қызметті жеткізіп берушілер ретінде танылуда. Облыстың мұнай компаниялары аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы міндеттерді шешуге белсенділікпен атсалысып келеді, – деді облыс әкімі. 
Сонымен қатар, мерекелік жиын кезінде ҚР Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев, СНПС Қазақстан Бас директорының бірінші орынбасары Шао Минг ханым және «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ Президенті Фан Цзячжун мұнайшыларға жылы лебізін жеткізіп, сала үздіктерін марапаттады. Сахнаға шығып, сөз сөйлегендер Сыр жеріне мұнай өндірісінің алғашқы қадасын қаққан Мұрат Саламатовтың және «Құмкөлдің» «қара алтынын» игеруге, өндіруге атсалысқан азаматтардың есімдерін құрметпен атады. Бұдан бөлек, бүгінге дейін 80 миллион тоннаға жуық мұнай өндірген «Құмкөл» кен орны Қызылорда облысының ғана емес, еліміздің мұнай-газ өнеркәсібінің дамуына екпінді серпіліс бергенін айтып өтті. 
Марапаттау рәсімінің соңы концертке ұласты. Қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Димаш Құдайберген, Төреғали Төреәлі және басқа да өнерпаздар ән шырқап, қуанышқа ортақтасып жүрген қауымды бір серпілтіп тастады. 

Вы переходите на pkop.petrokazakhstan.kz