/**/

«Арай Санрайз» – шаттық пен мейірім аралы

Үстіміздегі жылғы 6 мамыр күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Арай-Sunrise» жазғы лагерінде демалып жатқан балалармен кездесті. Бірінші лекке Қармақшы және Қазалы аудандары мен Қызылорда қ. №1 орта мектептерінен, отбасылық үлгідегі «Атамекен» балалар ауылынан, қоғамдық емес ұйымдардың қолдауымен келген және «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ жұмыскерлерінің балалары, барлығы  180 бала жиналған.


Жыл сайын жазғы мектеп каникулы күндерінде облысымыздың  шамамен 1300 балғындары   осында демалып, таза ауада шынығады, күш жинайды. Лагерьдің он сегіз жылғы тарихында «Арай-Sunrise»-да жиырма мыңнан астам бала демалды. Осы жылдар ішінде балалар сауықтыру лагеріне «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ демеушілік қолдау көрсетіп келеді. Облыстағы балалар лагерьлерінің көшбасында тұрған «Арай-Sunrise»-дың қажетіне мұнай компаниясы жыл сайын 100 миллион теңгеден астам қаржы бөледі.
Қонақтар қатарында сондай-ақ қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облыстық «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Наурызбай Байқадамов, Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаев және компания басшылығы болды.


  Келген қонақтарға лагерь бойынша шағын экскурсия ұйымдастырылды. Аға тәрбиеші Светлана Әлішева лагерьдің тарихы жөнінде айтып берді. Қонақтарға жүзу бассейні, тұрғын жайлар-корпустар көрсетілді. Лагерь аумағының әрбір бұрышы – барлығына таныс ертегі және мультфильмдер кейіпкерлері мекендейтін өзіндік аймақ: мұнда Робинзон Крузоның лашығы, Шахерезаданың шатыры тігілген, орыс   хуторы тұрғызылған. Лагерьдің бүкіл тұрғындары сағаттарын ертегідегі сарбаз күзетіп тұрған Биг-Бен мұнарасына қарап жөндейді. «Қытай шаһары» тұрғындары шетел тілдерін оқып үйренеді.  Шахерезаданың шатырында жас суретшілер керемет туындылар жасайды.


  «Арай Санрайз» лагері балаларға өз есігін алғаш рет 1997 жылы ашты, – дейді Светлана Әлішева. –Бұл –  өзінің туы, әнұраны, «сәулелер» деп ат қойған валютасы, біркелкі киім үлгісі бар, өз алдына шағын мемлекет. «Арай»-да балаларға жалығуға, іш пысуға уақыт жоқ. Әрбір жаңа күн – жаңа қарбаласқа толы. Біресе концерт, біресе көрме, енді бірде спорттық жарыс… Ал, жас тілшілер болса «Арай-news» газетінің кезекті нөмірін шығаруға еңбектеніп жатады. 

Жазғы маусымда әрқайсысы 180 баладан құралатын 5 ауысым бар, сонымен қатар республикалық экономикалық «Мансап» ауысымы және мектеп оқушылары арасында «ПетроҚазақстан» компаниясының Кубогы үшін жыл сайын футбол турнирі өткізілетін спорттық ауысымдар бар.  Одан әрі қонақтар үйірмелер мен шеберханалардың жұмыстарымен танысты. Ұлттық әбзелдермен жабдықталған киіз үйлерде балаларға шебер ағайлар мен апайлар қыш-құмыра жасау, құрақ көрпе тігу,  ши тоқуды үйретеді.


«Лагерьде 19 үйірме жұмыс істейді, соның ішінде халықтық және қолданбалы шығармашылық үйірмелеріне қызығушылық көп, – деп жалғастырды аға тәрбиеші. – Халқымыздың дәстүрлері, тұрмыс салты және мәдениеті ұмытылып қалмас үшін лагерьде: қыш-құмыра қолөнері, кілем тоқу, ши тоқу, сырмақ ою, ұлттық аспаптар тартуды үйрететін фольклор, ағаш ою және қазақша күрес үйірмелері жұмыс істейді». 


Балалар қонақтарға өз қолдарымен жасаған бұйымдарын тарту етті. Өздерінің қамқор ағалары мен қонақтарға арнап бар күштерін салып дайындаған концерттерін қойды. Аймақ басшысы республикамызда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен балаларды толыққанды тәрбиелеу мен дамыту үшін барлық жағдай жасалған деп атап өтті. Мектепке дейінгі «Балапан»-нан халықаралық стипендиялық «Болашак»  бағдарламасына дейінгі мемлекеттік бағдарламалардың   барлығы өскелең ұрпақты қолдауға бағытталған деп түйіндеді сөзін облыс әкімі.  


Қызылордалық бүлдіршіндерді «ПҚҚР» АҚ басқарма төрағасы Цинь Хунвэй құттықтап, компания алдағы уақытта да әлеуметтік маңызы бар жобаларға  қолдау көрсете беретінін  атап айтты, оның ішіне  бүгіннен бастап отбасылық үлгідегі балалар ауылы да кіретініне тоқталды.


Осымен он тоғызыншы жыл қатарынан мыңдаған балалар ғажайыптар  әлеміндей  көрінетін осынау лагерьге беймәлім, жаңа, бұрын-соңды көрмеген қызықтарды көруге асыға келсе, қайтарларында  «жаз жайнатып, күн күлдірген» лагерьді қимай, жанарлары мөлтілдеп кетіп бара жатады.  Олардың шаттық пен мейірімділік аралы – «Арай Sunrise»-да өткізген бақытты күндері өмір бойы естерінде қалады.

Вы переходите на pkop.petrokazakhstan.kz