«Арай-Sunrise» – алғыс жауған күн
Ағымдағы жылы өңіріміздегі ең үлгілі «Арай-Sunrise» балалар тынығу лагері өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтті. Айтулы мерекенің құрметіне орай лагерьде мемлекеттік мекемелер мен бас демеуші – «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ өкілдерінің қатысуымен салтанатты іс-шара ұйымдастырылды.
Бұрынғы «Арай» пионер лагері КСРО заманында да кеңінен танымал болды. Алайда, тәуелсіздік таңында ол да көптеген мектепке дейінгі тәрбие объектілері секілді дағдарыс торына шырмалып, ертеңі бұлыңғыр күйде қала берді. Жергілікті билік оны жеке тұлғаларға сату туралы мәселені қарастырған болатын. Сатылған жағдайда, осы күні сол аймақта коттедждер, дүкендер мен ресторандар бой көтерген болар еді… Ал ата-аналар болса, бүлдіршіндеріне облыстағы сол кездегі №1 лагерь туралы ертегі айтумен шектелер ме еді.
Дүйім жұрттың қуанышына орай, 1996 жылы «Харрикейн» (қазіргі «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ) компаниясы тынығу кешенін өз қамқорлығына алды. Мұнайшылар ғимараттар мен үйжайларды өз қаражаттарына қайта жаңғыртып, безендірді, жолдар мен аулаларды жайластырып, бассейн мен ойын алаңдарын жабдықтады, жалпы айтқанда, оқушылардың жайлы тынығуына керемет жағдай жасады. Балалар мекемесі «Арай-Sunrise» деген жаңа атауға ие болды.
– Лагерьде бір ауысымда 9-14 жас аралығындағы 180 бала тынығады, олармен 20 тәрбиеші жұмыс жасайды – дейді лагерь құрылғалы бері осында еңбек етіп келе жатқан аға тәрбиеші Светлана Әлішева. – Бір жазда алты ауысым қабылдаймыз, соңғы ауысымда дәстүр бойынша облыстың барлық аудандарынан жас спортшылар жиналып, «ПҚҚР» АҚ кубогына футболдан жыл сайын турнир өткіземіз.
«Арай-Sunrise» лагерінің өркендеу тарихынан өңірдегі өскелең ұрпақтың бос уақытын сапалы әрі мазмұнды етіп ұйымдастыру жөніндегі ауқымды бағдарламаларды іске асыру басталады. Балалар тынығу лагері жиырма жыл бойына «ПҚҚР» АҚ-ның толық қамқорлығында келді. Осы қамқорлық күні бүгінге дейін компания қызметкерлерінің, тұрмысы төмен отбастарының балаларына және балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тегін жолдама беру түрінде көрініс тапты. Компанияның қолдауымен жаңадан білім беру-тәрбиелеу бағдарламасы жасалып, қолданысқа енгізілді, экономикалық, спорттық және шығармашылық ауысымдар ашылды. Балалармен шығармашылық тұрғыдан ойлайтын жоғары білімді педагогтар, балалар психологиясын білетін мамандар жұмыс жасайды. Солардың арқасында «Арай-Sunrise» лагеріндегі білім беру-тәрбиелеу жұмыстары өте жоғары деңгейге жетті. 20 жыл ішінде «Арай-Sunrise» лагерінде еліміздің әр түкпірінен жиырма мыңнан астам бүлдіршін тынықты.
– Жазғы лагерьдегі үйірмелердің саны жиырмадан асады, – дейді С. Әлішева. – Ұлттық сәндік-қолданбалы шығармашылық, құмыра жасау, кілем тоқу, ши тоқу, сырмақ тігу, құрақ көрпеше құрау, ағаш кесу, сондай-ақ фольклор, моншақ өру, ілмекпен тоқу, жұмсақ ойыншық жасау, пейчворк, киім үлгілерін тігу және басқалар секілді үйірмелерге сұраныс айрықша жоғары. Бұл заманауи үйірмелер балалардың эстетикалық талғамын дамытуға септігін тигізетіні анық.
Бейнелеу және мүсін жасау өнері үйірмелерінде жақсыны көзбен көруге, табиғи зат пен қоршаған әлемнің сұлулығын айнытпай беруге үйретеді. Мұнда сазбен, пластилинмен, папье-машемен, терімен және талшықпен жұмыс жасайды, матаға салқын батик әдісімен сурет салады. Барлық бүлдіршіндердің спортты, музыканы және би билеуді ұнататыны онсыз да белгілі, содан болар, балғындар тоғызқұмалақ, футбол, баскетбол, хореография, халық аспаптары үйірмелеріне көптеп қатысады. Балалардың шығармашылық қабілетін дамыту үшін шетел тілдері, компьютер және экономика клубтары ашылды, мұнда балақайлар бизнестің қыр-сырымен танысады, таныстырылым жасауға және қаламұш ұстай білуге үйренеді. Балаларды болашақта журналистикалық қызметке даярлау мақсатында «Арай News» балалар газеті ашылды, балалар жуық арадан бері телеарна жаңалықтарын да шығарып келеді. Жаңалықтар үш күнде бір рет шығады, сондықтан оқушылар кезекті шығарылымнан көріну үшін әлдебір ерекше де әсерлі туындыларды жасауға тырысады. Ауысым аяқталған соң, балақайлар өздері дайындаған жаңалықтарды флешкаға көшіріп, үйлеріне әкетеді, ал бейнежазбаларын мақтанышпен ғаламторға орналастырады.
Лагерьде бүгін қандай оқиғаның аталып өтілетінін көрсететін арнайы сағаттар бар. Мысалы, күнтізбеде – Қазақстан күні, ахаббат күні, Нептун күні және көптеген басқалар.
«Арай-Sunrise» лагерінде жетінші мәрте тынығушы оқушы Ләззат Ақпантаева өткізілетін мерекелердің сценарийі әр ауысымда әрқалай екенін айтады.
– Жыл сайын мен бұл жерден қандай да бір жақсы жаңалықты біліп шығамын, пайдалы білім аламын, жаңа достар табамын, – дейді ол. – Уақыт көңілді нысанда зымырап өте шығады. Таңғажайып лагерьде осындай керемет демалыс ұйымдастырғаны үшін «ПетроҚазақстан» компаниясына зор алғыс. Жыл өткен сайын «Арай-Sunrise» лагерінде көп нәрсе өзгеріп тұрады, бірақ соның барлығы тек жақсы жағына қарай.
Балғындардың қабілет-қарымдары мен ынта-ықыластары туралы лагерь тәрбиешілері әңгімелейді.
– Бұл жерде балаларға тамаша жағдай жасалған – бес мезгіл әртүрлі тамақ беріледі, бос уақыттары тартымды өткізіледі, айнала жасыл-желекке оранған, үйірмелер жұмыс жасайды, түрлі ойындар ойнатылады, бассейнге суға түседі, – деп қуанышын білдіреді тәрбиеші Сәуле Шайхисламова. – Балаларға тек қызығушылық танытып, өздерінің қарым-қабілетін ашу керек.
– Мұнда балалар әр өңірден келеді және бұл жер бәріне ұнайды, – деп қостайды тәрбиеші Алтынай Төлегенова. – Сол себепті көптеген балалар ата-аналарынан жазғы каникул кезінде тағы да «Арай-Sunrise» жолдама алуларын өтінеді.
20 жылдық мерейтоға тынығушы балақайлар театрландырылған қойылымен астасқан мерекелік концерт дайындады. Музыкалық сахнада «Арай-Sunrise» лагерінің жиырма жылдық тарихы айқын көрініс тапты. Кішкене төрт үйшік лагерьдік мерейтойлық күндерін айшықтап тұрды және олардың әрқайсысына бақыт құсы қонғандай. Тәрбиешілердің шебер қолынан сәнді костюмдер киген балғындар құлақтан кіріп бойды алар әсем әндерді шырқап, бой серпітер халық билерін орындады. Концерт дарынсыз балалардың болмайтынын дәлелдеді. Бұл, әрине, «Арай-Sunrise» тәрбиешілерінің табысты жұмысының жемісі, нәтижесі көзге көрініп тұр.
Балғындар мен іс-шараның қонақтарын мерейтоймен «ПҚҚР» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Суфия Даминова құттықтай келе, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясының Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында Құмкөл кенішін өнеркәсіптік игерудің 30 жылдығын және «Арай-Sunrise» балалар тынығу лагерінің 20 жылдығын тойлағалы отырғанын атап өтті.
– Баршаңызды осынау айрықша мерекемен құттықтаймын, – деді ол. – Ал балақайларға жақсы ұйымдастырылған концерт үшін алғыс білдіремін, барлығың да өте дарындысыңдар. Осы жерде меңгерген дағдыларың өмірде қажеттеріне жарар деген үміттемін.
Мұнай саласында орын алған дағдарыс кезеңіне қарамастан, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясы лагерьді күтіп ұстауға қаралатын шығыстарды қысқартпады. Оқушылар лагеріміздегі демалыс уақытын ұмытылмас әсермен тамаша өткізу үшін компания қаражаты 20 жыл бұрынғыдай толық көлемде бөлінуде.
Іс-шарада «Арай-Sunrise» лагерінің бірқатар тәрбиешілері облыстық білім басқармасы мен «ПҚҚР» АҚ-ның алғыс хаттарымен марапатталды.