/**/

Балалар қуанған күн

Қаламызда «Мектепке жол» акциясы жалғасып жатыр. Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты № 99 мектеп-гимназиясында мектепішілік «Аялы алақан» атты қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылып, балаларға қуаныш сыйлады.

Қайырымдылық акцияға Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Қайрат Сүлейменов, «Петро Қазақстан Ойл Продакст» ЖШС-нің департамент директоры Сұлтан Әбдіқадыр, Еңбекші ауданы халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Сейдулла Бибишев, жанар-жағар май қауымдастығының төрағасы Қайыпбек Қамбаров, «Қарабастау» мешітінің имамы Берік Сейтаев қатысып, демеушілік етті. 

Мектеп директоры Сәулен Ысқақованың айтуынша, демеушілердің көмегімен аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан 670 оқушыға мектеп формасы мен құрал-жабдықтар үлестірілген. 

– Демеушілердің ішінен «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» Шымкент мұнай өңдеу зауытын ерекше атап өтуге болады. Ата-аналар комитетінің 58 балаға көмек көрсету жөніндегі өтініштерін қолдап, оларға оқуға қажетті құрал-жабдықтарын алып берді. Оның алдында оқу процесінің сапасын жақсарту үшін мектебімізге интерактивті тақта, тігін машиналары, компьютерлер, аудио және видео аппаратуралар сияқты қажетті оқу жабдықтарын сатып алып берді, – деді мектеп директоры. 

Ата-аналар да демеушілерге алғыстарын жеткізді. 

– Төрт немерем осы мектепте оқиды. Бүгінгі «Петро Қазақстан Ойл Продакст компанисының игі ісіне айтар алғысым шексіз, – деді Халима Әлметова. 

Айта кетейік, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» компаниясы қала тұрғындарына тұрақты түрде әлеуметтік және қайырымдылық көмек көрсетіп келеді.

Вы переходите на pkop.petrokazakhstan.kz