Биыл Қазақстан мұнайына 125 жыл толып отыр. Осыған орай «Қазақ мұнайының тарихы» айдары елдегі мұнай өнеркәсібінің қалыптасуына, өсіп-өркендеуіне арналатын болады. Бүгін Шымкент мұнай өңдеу зауытының даму кезеңдері жайлы айтамыз.
ЛК-6У қондырғысы аббревиатурасымен белгілі Шымкент мұнай өңдеу кешенінің құрылысы 1972 жылы басталды. 1983 жылы зауытқа Батыс Сібірден алғашқы мұнай келіп жетті. 1984 жылы ЛК-6У қондырғысынан тікелей айдау әдісімен алғаш бензин өндірілді. Бұл оқиға монтаждау жұмыстарының аяқталғанын білдіріп, монтажшылар секция ұжымына зауыттың символдық кілтті 100 секцияның бірінші бастығы Ербол Жаңабаевқа тапсырды.
1985 жылы 28 қаңтарда Шымкент бензинінің алғашқы литрі алынды. Алдын ала гидротазарту блогымен каталитикалық риформинг және дизель отынын гидротазарту қондырғысы іске қосылды. Келесі жылы газ фракциялау қондырғысы – күкірт өндіру қондырғысы пайдалануға берілді. Сол кезден бастап зауыт схема бойынша толық жұмыс істей бастады.
Зауытты іске қосу оңай болған жоқ. Әртүрлі жағдай болды, барлық жұмыскер күш-жігерін аямай, қажырлы еңбек ітті. Мамандардың ерік-жігері мен кәсіби біліктілігінің арқасында ЛК-6У қондырғысы жылына 6 миллион тонна мұнай өңдеу жобалық қуатына шықты.
Мұнайды бастапқы өңдеуді ғана емес, сонымен қатар шикізатты өңдеудің қайталама процестерін жүзеге асыратын бұл аралас кешен сол кезде ең заманауи және қуатты кәсіпорын болып саналды.
🖥 #ҚазақМұнайыныңТарихы