/**/

Демалыс күндерінсіз және «ауысымсыз» әлеуметтік жауапкершілік туралы

Шарлар солып қалды. Қонақтар өздерінің ересек шұғыл істерімен тарап-тарап кетті. Тәттілер де сауыттарда ұзақ қалмайды. Ал қомақтырақ сыйлықтар – теледидарлар, бейнекамералар, тұрмыстық техника мен жиһаз, киім-кешек, аяқ киім, мүмкін тіпті автомобиль немесе автобус – өткен мереке туралы әлі талай уақыт еске салатын болады. Бұл тұрғыдан бірінші маусым Сегізінші наурызға ұқсас: бұл күні ересектерде балаларға бір жылы сөздер айтуға, бір аса маңыздығ көптен күткен, өте жақсы іс істеуге, жай күндері көрсетуге ыңғайсызданатындай сезімдерді білдіруге мүмкіндік бар. Ал балалар өздеріне деген сүйіспеншілікті сезінеді. Әйтсе де, өзінің қуатымен және өзі туралы естеліктермен қарабайыр күндерді көркемдемесе, мереке мереке бола ма? Әсіресе олар балалар үйінің қарабайыр күндері болса. Сонда осы күнді көркемдеген жан жылуы өлшеусіз есе ұзақ еске алынатын болады. Бәлкім, ғұмыр бойы.

Үйде өскен балалар үшін бірінші маусым, сірә, ата-анасының махаббаты мен қамқорлығына Жаңа Жылдағы сияқты жаппай шат-шадымандық, аттракциондар және мерекенің басқа да төл сипаттары қосылатын күндердің бірі ғана шығар. Олар үшін бұл күннің идеологиялық мәні жоқ. Ал отбасынан тыс немесе толық емес, бейберекет отбасыларында өмір сүретін балалар үшін Балаларды қорғау күнінің идеясының өзі және өздерінің ұмыт қалмағанына, қоғамның өздерін қорғайтынына көз жеткізу мүмкіндігі маңыздырақ болар. Және бұл күні балалар үйіне, мектепке тек қандай да бір материалдық игіліктер әкелетін ересектер мен қамқоршылардың тағы келетіні емес, өздеріне немқұрайды қарамайтын адамдардың келетіні маңызды болар. Балалық шақ тез өтеді, бірақ бәрін есінде сақтайды. Және дәл осындай күндер есінде және жан түбінде ғұмыр бойы қалады.

Балаларға деген ата-ана махаббаты – бір жолғы акция емес. Мұндай демалыс күндері мен «ауысым» дегендер болмайды. Және де сәбидің отбасында немесе балалар үйінде тұратынының маңызы жоқ. Ата-анасымен әлде әлеуметтік жұмыскерлермен бірге тұратыны да маңызды емес. Мен «жүректі махаббаттан ажыратпау» қағидасы бойынша өмір сүріп, өзінің бүкіл ғұмырын ата-анасыз қалған балаларға арнаған көптеген адамдарды білемін. Олардың бірі туралы мен бастапқыда аңыз естідім, оны маған Шымкентке бара жатқан жолда жергілікті тұрғындар таңдау қаға әңгімелеген еді. Бір жолы әлдебір «тілектестің» шағымы бойынша ол басқаратын балалар үйіне тексеріс келеді. Тексерушілер қаржылық тәртіптің бұзылу жайттарын таппағаны өз алдына, олар балаларға қаражат жетпеген кезде, оның өз қаражатын жұмсап, кейіннен оны қайтарып алуды ұмытып кететінін анықтап, таң қалады. Тексерушілердің кәсіби қызметінде өзінікін қоғамдыкіне беріп, «қалталарды ОСЫЛАЙША шатастыру» жайты бірінші рет кездескен деседі. Сондай-ақ Елбасының өзі оны Үлкен Мама деп атаған деседі. Қазір оны жұрттың бәрі осылай атайды. Ал бәлкім, бәрі де керісінше болған шығар. Балалар үйінде жұмыс істеген ондаған жылдар ішінде ол бақытты балалардың талай буынын өсіріп, олар оған деген өздерінің сүйіспеншілігі мен алғыс сезімін бірге алып, жан-жаққа тарап кетеді. Сондықтан да оның Үлкен Мама деген аты газет арқылы әйгілі болып, президентке де жетеді. Оған еңбегі сіңген мемлекеттік марапаттарды тапсыра отырып, президент оған осы жоғары атақты да қоса бекітіп береді. Оны бұлай деп бірінші кім атаса да бәрібір емес пе. Ең бастысы орынды әрі шын көңілден атаған.

Сондай-ақ балалардың оны өздеріне қолайлы есіммен – Галина Мирахмедқызы деп атайтыны белгілі, ал төлқұжат бойынша аты – Хонимбуви Мирахмедқызы Әбдіқадырова, ол ширек ғасырдан астам уақыт бойы №4 Сайрам балалар үйін басқарып келеді. Бәлкім, оның атының өзгерген себебі, балалар үйінде 15 ұлттың балалары тәрбиеленетіндіктен, және сайрамдық түлектердің алғашқы буыны өздеріне жақын бір нәрсені қосып, оның атын осылай өзгерткен болар.

Осы балалар үйіне барған сол жолғы аса қысқа сапар ол туралы сөздердің көбін растаған еді. Галина Мирахмедқызы нағыз ана сияқты, өзінің және өз әріптестерінің балалар үйіндегі «бақытты балалық шақ үшін» не істеп жүргені туралы айтпайды. Себебі бұл жерде жұмсалған күш қуат емес, балалардың бақытты болуы аса маңызды. Сондықтан ол барлық басқа аналар сияқты, балалар туралы және олардың тағдыры туралы айтады. Балет мектебінде оқитын ұлдары және балаларының көркемөнер конкурстарында алған бірінші орындары туралы. Ол жоғары оқу орындарына түскен түлектері туралы әңгімелейді. Әкімдік пен кәсіпкерлер оқуға бөлетін гранттар туралы. Және түлектердің 90 пайызының өмірден өз орнын табатыны туралы. Тұрмысқа шыққан қыздар туралы. Сол жолғы кездесуде оның өз бақытын тапқан Лола, Альфия мен Мәлике туралы айтқаны есімде. Және балалар үйіне табысқа жетудің белгісі – джип машиналарға мініп оралуға уәде берген балалар туралы.

Ал мен бұл табыстың түбінде тек ұстаздың еңбегі ғана тұрмағаны туралы ойладым. Шынайы аналық махаббатқа көбейтілген еңбек тұрғаны туралы ойладым. Ол еңбек вахтасын атқарған жоқ, ол, сондай-ақ балалар үйіндегі оның әріптестері  ана сияқты, балалардың өмір жолына дайын күйде шығуы үшін күн сайын үздіксіз олардың қамын ойлады. Балалар үйінің табалдырығынан аттаған кезде олардың абдырап қалмауының қамын ойлады. Ол балалар үйінен шыққан түлектердің тұратын мекені болуы үшін қалада жастар үйі ашылғаны туралы әңгімеледі. Ол балаларға бекітіліп берілген елуге жуық пәтер туралы және осы бала меншігіне ешкімнің қол сұқпауын, барлық құжаттардың уақтылы әрі дұрыс ресімделуін қадағалайтын әлеуметтік ұстаз туралы әңгімеледі. Балаларға арналған барлық қаражат, соның ішінде түрлі компаниялардан берілген демеушілік қаражат түсетін шоттардағы жинақ ақша туралы.

Балалар үлкен өмірге қадам басқан кезде олардың аз да болса соншалықты қажетті бастапқы қаражаты бар екені туралы. Бизнес үшін емес. Әрине, өмір үшін.

Және осы ақшаны балалардың дұрыс жұмсай алуының қаншалықты маңызды екені туралы. Сондықтан балалар үйінде тұрғанда-ақ олардың күнделікті жұмсауына шамалы ай сайынғы сомасы болады. Кейбіреулер бірден жұмсап қояды, кейбірі әлденеге жинайды, ал кейбірі алдына ұзақ мерзімді мақсаттар қояды. Себебі балалардың өмірі кейін қалай қалыптасатыны ол үшін аса маңызды, ал барлық педагогикалық тәсілдер мен әдістемелер дәл осы мақсатқа қызмет етуге тиіс.

«Балалар үйінің тәрбиеленушілері өмірге бейімделген бе? Олар дербес өмір сүруге дайын ба? Балалар үйінің көптеген түлектерінде үнемі көмек алуға әдет қалыптасатыны жасырын емес. Ал біз олардың бойына қиын кезде оларға әрқашан да көмек берілетінін, бірақ түптеп келгенде бұл өмірде өздері үшін олардың өздері жауапты деген түсінікті дарытамыз. Біздің балалар әр түрлі, бірақ біз оларды тек тұтынушылар болмайтындай етіп тәрбиелеуге тырысамыз», – деп сол жолы осы тақырыпқа Галина Мирахмедқызының дәл осылай ой тұжырымдағаны есімде. Дәлірек айтқанда, балаларды өз баласындай тәрбиелеу тұжырымдамасын баяндап, отбасылық тәрбиенің қағидаларын бүкіл балалар үйіне ауыстырады. «Біз оларды ақшаны дұрыс жұмсауға, сақтауға, үнемдеуге, маңызды бір заттарға жұмсауды үйретеміз. Бізде клубар бар – ұлдарға арналғаны «Арман», қыздардікі «Қыз Жібек» деп аталады. Біз балаларды отбасылық, тұрмыстық мәселелерді шешуге бөлек үйретеміз. Аспаздық іске және басқа қолөнерге үйретеміз. Мысалы, қыз балалар азық-түлік сатып алады, тамақ дайындауды үйренеді. Балалар үйінде он бес шықты қолданбалы үйірмелер бар, оларда  балалар қажетті машықтарды меңгереді».

Бұл тек бір қарағанда ғана екінші дәрежелі мәселе болып көрінуі мүмкін. Бірақ көптеген балалар үйінің түлектері өтетін қарапайым сынақ бар – шай шығару бойынша сынақ. Қарап отырсаң, несі қиын: дастарқан жасау, бөлмені жинау, кешкі ас дайындау, түйме қадау, бәтеңкені тазалау? Бірақ мұндай гәп бар. Бірақ Үлкен Маманың балаларында емес. Оның қолынан көп нәрсе келеді. Мысалы, балалар үйінің тәрбиелеушілерінің үйде өсетін балалармен достығы. Кездесулер өткізу және қонаққа бару тәжірибеге енгізілген. Ол үшін балалардың ересек өмірге аяқ басқан кезде өздері мен қалған дүниенің арасындағы осы «су айырығын» сезінбеуінің маңызы зор. Одан бала кезде, көкжиектер ашық, ал өмір тосқауылдарының алдындағы қорқыныш әлі жоқ кезде өтуді үйрену керек. Әрине, әсіресе бала кезде отбасы мен балалар үйінің өміріндегі, тұрмыс салтындағы айырмашылықты көру және тағдырын сол қалпында қабылдау тіпті де оңай емес. Бірақ одан джа маңыздысы – тағдырға нала айтпастан осы психологиялық табалдырықтан аттап, бәрі де өз қолыңда екенін түсіну. Мақсатқа ұмтылу керек, сонда бәрі де сәтімен болады, себебі қасыңда әрдайым Үлкен Мамаң бар. Себебі тіпті қашықтан да оның махаббаты мен аналық қаталдығы өмірді шынайы қалпында көруге, алдыңа жоғары мақсаттар қойып, шегінбеуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оның өз жағына ниеттестер тарту, немесе басқаша айтатын болсақ, көптеген адамдарды өзінің аналық кемеңгерлік «дініне» табындыру қабілеті күшті. №4 Сайрам балалар үйінің достары көп. Әрине, оларды демеушілер деп атауға болар еді, алайда демеушілік бір рет жасалатын істі көздейді. Ал ананың мәртебесі сияқты, достық та қысқа мерзімді құбылыс емес. Достардың қатарында «ПетроҚазақстан» компаниясы да бар. Аймаққа 1 миллион доллардан астам сомаға әлеуметтік қолдау туралы облыс әкімдігімен жыл сайын жасалатын меморандумға қосымша, компания 17 жыл бойы балалар үйіне қолдау көрсетіп келеді. Балалар көмек үшін, материалдық қолдау үшін дән риза. Бірақ олар өздерінің ересек достарына нені үйренгендерін көрсеткісі келеді. Үйде өскен балалар сияқты олар да ашқан жаңалықтарын, алған жаңа білімдерін өз жақындарымен бөліседі. Және де бұл үдеріс өзара әрекеттесуге және өзара молықтыруға негізделген. Сондықтан, достарға арналған концерттер мен сайыстар, қолөнер бұйымдары мен шай ішу – балалар үйінің дәстүрі. Сол себепті Сайрам балалар үйінің достары мен демеушілерінің бұл жерде ресми әдістердің жарамайтынын мойындауы бекер емес: достасады екенсің – достас, жақсы көреді екенсің – жақсы көр. Ешқандай ресмиліктің керегі жоқ. Балаларды тәрбиелеген және жақсы көрген кезде ресмиліктерге жол жоқ. Және Үлкен Мама да ресми болуға рұқсат етпейді.

…Шарлар солып қалды. Солса, сола берсін. Жаңа мерекеде жаңа шарлар ілінеді. Бастысы олар емес, бастысы – өмірді мың бояумен безендіріп, мереке жасай алатын, ал жай күндері достық алақанын ұсынатын адамдар…

/Ольга Ланская/

Вы переходите на pkop.petrokazakhstan.kz