Южный Казахстан (Шымкент), № 67 (18609), 05.06.2009 жыл.
Шат күлкіден бұлтты күн шайдай ашылады /Н. Казорина/
– Гүләйхан апа! – деп балалар Г. Ембердиеваға құшақ жая жүгіреді.
– Қызғанбайсыз ба? – деп сұраймын Сайрамдағы № 4 балалар үйінің директоры Галина Мирахмедовна Абдукадыровадан (оны шәкірттер тек осылай деп атайды).
– Керісінше, менің балаларымның осындай ата-аналары болғанына тек қуанамын. Өйткені, “апа” деген сөз балаларда өздеріне деген қамқорлықпен, көңілмен, жанашырлықпен астасады емес пе. Олар осының бәрін сезінген уақытта, өздері үшін қымбат “апа”, “әке”, “дос” деген сөздер арқылы өз жүректерін айқара ашады…
Міне, қараңызшы, олар «ПетроҚазақстан» компаниясының вице-президенті Б. Исенғалиевқа арнап ағашқа күйдіріп жазу әдісімен қандай тамаша портрет жасаған…
Портрет көркемдік тұрғысынан да жап-жақсы: авторлар Б. Исенғалиевты балалар үйінің тәрбиеленушілерімен бірге әдетте көп балалы отбасылар суретке түсетіндей түрде бейнелеген. Еріксіз білдірілген арман жүрек сыздататын аяныш пен қуаныш сезімін қатар туғызады. Әсіресе, мына жазуды оқығанда: «Қымбатты Бақыт Ізтілеуұлына, Сайрам балалар үйінің балаларының шын досына әкелік қамқорлығы үшін алғыс ретінде».
«Жүрегіміз балаларға берілген» – бұл ОҚО әкімі жанындағы Әйелдер ісі мен жанұялық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиямен бірлесе отырып, Балаларды қорғау күнінің құрметіне компания өткізген акцияның атауы ғана емес. Бұл бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің шеңберіндегі оның қызметінің басым бағыттарының біріне айналғаны әлдеқашан. Және де жылдан жылға балалық шаққа көрсетілетін көмек пен қолдау көлемі артып келеді. Жуырда ғана «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-н біз Сайрамдағы № 4 балалар үйі мен Шымкент балет мектебінің қамқоршысы әрі жомарт демеушісі ретінде білетінбіз. Содан кейін тізім ВИЧ жұқпасы бар сәбилер емделетін «Ана мен бала» орталығымен толықты. Ал биылдан бастап, ЖШС ауылдық балабақшаларды, “Сәбилер үйін” қамқор қанатының астына алды. Сөйтіп, Балаларды қорғау күні үш күнге созылды. 29-30 мамырда және 1 маусымда комиссия хатшысы мен мүшелері Д. Маманова, С. Бектенғалиева, О. Ли және «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» компаниясының өкілдері Г. Ембердиева мен Е. Жұмаділ Оңтүстік Қазақстан облысының 15 ауданындағы 15 ауылдық балабақшаны мерекесімен құттықтап, жетілдіруші ойыншықтардың тамаша жиындарын, «Ана мен бала» орталығына да сондай ойындарды, әрі оған – «Қазжабдықтаубілім» арқылы сатып алынған балалар үстелдері мен орындықтарын тапсырды. Сәбилер үйі мен балалар үйінің үлесіне шаңсорғыштар тиді. Балалар үйіне сонымен қатар қазір жөнделіп жатқан жатын корпусқа арналған жиһаз сатып алуға 1,5 млн. теңге берілді. Және, әрине, балалар тәтті-дәмдіге қарық болып қалды, онсыз мереке болушы ма еді. Бірақ балалар да қарап қалмай, қамқоршылары мен меймандарды өздерінің өнерлерімен қуантуға тырысып бақты. Алайда жай ғана шат-шадыман күлкінің өзі-ақ әр ересек үшін өзінің игі ниетіне арналған ең жақсы алғыс болды. Өйткені, кейде сәбиге қуаныш сыйлау үшін көп ештеңе қажет болмайды да. «Өз күлкіңді бөліс, сонда ол саған талай рет оралады», – дейді танымал әннің сөздері. Бірақ қайырымдылықты да, сүйіспеншілікті де, қамқорлықты да бөлісуге болады. Олар да әлбетте жүз есе болып қайтады. Сонда болашақ ұрпақ неліктен немқұрайдылығымен, қатыгездігімен, аға буынға және еліміздің өткеніне құрметтің жоқтығымен ерекшеленеді деп күңкілдеп, таңданбайтын боламыз. Сондықтан «ПетроҚазақстан» компаниясы мен оның барлық бөлімшелері секілді, жақсылық жасауға асығыңыздар. Ал вице-президенттер Б. Исенғалиев (ПетроҚазақстан), А. Әкішев және Цзян Ши (ПетроҚазақстан Ойл Продактс) көптеген оңтүстік қазақстандық балалар үшін шынында да өкіл әкеге айналды. Олар балалық шақты қорғау – әркімнің шаруасы деп санап, елдің болашағы үшін өздері көтеретін жауапкершілікті осылай түсінеді.
Мереке қарсаңында маған бір пысықай басшымен дауласуға тура келді. Қайырымды істерге «Жақсылық жасауға асығыңыздар» немесе «Балалықты қорғау – әркімнің шаруасы» секілді кеңестік емес, тек креативті ұрандар ғана түрткі бола алады деп өзеуреді ол. Мен алғашқы сөйлемді кеңес кезеңінің идеологтары орта ғасырлық ақыннан көшіріп алғанын және, жалпы алғанда, қимылға ұран емес, жан-дүниенің мейірімділігі, жүректің жомарттығы, біздің елде жетімдер мен бақытсыз, бишара балалар бар болғаны үшін жан ауыруы түрткі болатынын оның есіне салуға ыңғайсыздандым. «ПетроҚазақстан» компаниясын жақсылық жаса деп үгіттеудің немесе үндеудің қажеті жоқ, сол үшін оған рақмет. Дағдарыс жағдайларында ол әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыруын доғарған жоқ. Ауа-райы да қамқорлықтағы мекемелерді аралап шығуға бөгет болмады. Сонда, тұнжыраған күн шат күлкіден шайдай ашылғандай болды.