Кеше Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жоғарылату аясында бизнес құрылымдардың бірқатар өкілдерінің бас қосуы болды. Кездесу барысында облыс әкімі А. Мырзахметовтың, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» компаниясының президенті Вэй Юйсянның және вице-президенті Асылбек Кәрібаевтың арасында сұхбат өткізілді. Кездесуде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асыруы жоспарланып отырған әлеуметтік жобалар туралы әңгіме болды.
Бұл кәсіпорын өткен жылы 150 млн. теңге бөлу туралы меморандумға қол қойып, қаражатты аударған болатын. Соның нәтижесінде «Ардагерлер үйі» әлеуметтік-медициналық мекемесінде күрделі жөндеу жүргізіліп, жабдық сатып алынды. Биыл кәсіпорын тағы да 150 миллион теңге бөліп отыр. Бұл қаражат Сайрам ауданындағы «Жұлдыз» кентінің әлеуметтік мәселелерін шешуге, Қапал батыр көшесін күрделі жөндеуге және басқа жобаларға бағытталатын болады.
Кездесуден кейін президент Вэй Юйсян журналистермен брифинг өткізді. Кездесуде «ПетроҚазақстанОйл Продактс» ЖШС-нің жоспарлары, зауытты қайта жарақтандыру туралы, шығарылатын өнімнің сапасын жоғарылату мәселелері туралы сөз болды. Журналистер өндірісте шығарылатын дизельдік отынның көлемі мен бағасы, кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы, жоғары октанды бензин өндіру мәселелері туралы сұрақтар қойды. Президент пен вице-президент журналистердің сұрақтарына жауап берді.
/С. Мәтқалиұлы/