/**/

«ПетроҚазақстан» көш басына шығуға ниетті

Өткен аптада «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясы республикалық, облыстық және қалалық бұқаралық ақпарат құралдарының бірқатарының өкілдері үшін Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан аймақтарында орналасқан өзінің өндірістік және әлеуметтік нысандарына медиа-тур ұйымдастырды.

Тур барысында журналистер мұнайшылардың өнеркәсіп саласындағы жетістіктерімен, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында олардың  көмек көрсету бағдарламаларымен танысты. Сапардың алғашқы межесі – Қызылорда қалалық Сәбилер үйі. Бұл баспананың негізі 1920 жылы құрылған болатын, қазір мұнда бір айдан төрт жасқа дейінгі 34 сәби тәрбеиеленуде. ПҚҚР осы мекемеге 15 жылдан бері демеушілік қолдау көрсетіп келеді: атап айтқанда, жөндеуге қаражат бөлінді (бұл ақшаға жаңа терезелер, есіктер орнатылып, жазғы ойын алаңдары жасалды). Мұнайшылар сәбилерді үнемі сыйлықтар тарту етіп қуантады, мерекелік ертеңгіліктерге қатысады. Осы жолы Балаларды қорғау күнінің қарсаңында ПҚҚР компаниясының қызметкерлері Сәбилер үйіне тамаша микроавтобус тарту етті. Сонымен қатар балақайлар тәтті-дәмді тағамдар мен жұмсақ ойыншықтарға молынан кенелді.

ПҚҚР компаниясының басқарма төрағасы Фан Цзячжун айтқандай, компания болашақта да аймақтың тұрғындарына өзінің демеушілік жобаларымен қолдау көрсетпек.

Сәбилер үйінің бас дәрігері Гүлназ Анасбаева және облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Сапар Рахменшеев ПҚҚР басшылығына тамаша тартуы үшін алғыс білдірді. Микроавтобус мұндай мекемеге ауадай қажет.

Содан кейін балаларға арналған «Арай-Sunrise» демалыс лагерінде ПҚҚР компаниясының қызметімен таныстыру рәсімі өтті, онда ПҚҚР басқарма төрағасы Фан Цзячжун компанияның жетістіктері мен жоспарлары жайлы әңгімелеп берді. Бұл іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов қатысты. Басқосуда атап айтқанда, компанияның кен орындарында барлығы 736 ұңғыма орнатылғаны, оның ішінде 495 өндіруші ұңғыма бар екені атап өтілді. Өткен жылы 16 барлау және бағалау ұңғымасы бұрғыланды, өндірілген мұнайдың жалпы көлемі 6,2 миллион тоннаны құрады, қаржы дағдарысына қарамастан ПҚҚР осы тұрғыдан өзінің жоспарын орындап шықты. Тұтастай алғанда соңғы үш жылда компания өзінің барлау-іздестіру бойынша лицензиялық аумақтарын сегіз есе арттырды. Келешегі мол үш кен орны – «Шығыс Құмкөл», «Солтүстік Нұралы» және «Көлжан» ашылды, олар ПҚҚР компаниясының өндірілетін шикізат қорларын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Қазір жалпы алғанда кен орындарын зерттеу бойынша әлдеқайда көбірек жұмыс жүргізілуде. 2009 жылдан бастап газдың 95 пайыздан астамы пайдаға жаратылады. Үстіміздегі жылы компания басқа жұмыстардың қатарында солтүстік-батыс «Қызылқияда» мұнай кәсіпшілігі нысандарын тұрғызуды, «Құмкөлдегі» топтық қондырғыны кеңейтуді, Қызылордадан «Құмкөлге» апаратын жол учаскесіне асфальт төсеуді, кен орындарының ішіндегі инфрақұрылымды жаңартуды жоспарлап отыр.

ПҚҚР компаниясының басым міндеттерінің бірі – қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, компанияның қызметкерлерінің және кәсіпорынның өндірістік нысандары жұмыс істейтін аудандарда тұратын халықтың денсаулығын қорғау, сондай-ақ қолайлы экологиялық жағдай жасау. Басқа істердің қатарында, осы мақсаттарда ПҚҚР компаниясының еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды басқару жүйесі әзірленді, оған қауіпсіздік пен еңбекті қорғау бойынша барлық қажетті ережелер, процедуралар мен нұсқаулықтар, сондай-ақ нысандардың өнеркәсіптік қауіпсіздігі туралы мағлұмдама кіреді; қауіпсіздік техникасы ережелеріне оқып-үйрету үнемі жүргізіледі; өткен жылы және алдыңғы жылы іске пайдалануға енгізілген өндірістік нысандарды еңбек жағдайлары бойынша аттестациялау іске асырылды; әлсіз радиобелсенді қалдықтарды сақтау алаңын қайта құру аяқталды; әлсіз радиобелсенді сұйық қалдықтар түгелдей пайдаға жаратылды.

Әлеуметтік жобаларға келетін болсақ, өткен жылы Қызылорда облыстық әкімдігі мен «ПҚҚР» АҚ арасында 450 миллион теңге сомасына ынтымақтастық туралы кезекті меморандум жасалды. Келісімге қосымша өткен жылы компания әлеуметтік жобаларды іске асыруға 161 миллион теңгеден астам қаражат құйды. «ПетроҚазақстан» дарында жастарға қолдау көрсетуін жалғастыруда. 2009 жылы конкурстың нәтижелері бойынша 13 жас Қытайдағы мұнай және газ институтында және Қазақстанның ең үздік жоғары оқу орындарында оқуға гранттар алды.

«ПетроҚазақстан» – республикадағы аса ірі салық төлеушілердің бірі. ПҚҚР компаниясының бөлімшелері төлейтін салықтар Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстан облыстарының бюджетінің басым бөлігін құрайды.

Облыс әкімінің орынбасары М. Жайымбетоваймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан қомақты үлесі үшін «ПетроҚазақстан» АҚ-ның басшылығына алғыс сезімін білдірді.

Басқосу барысында «ПҚҚР» АҚ басшылығы мен компанияның кәсіподақ комитетінің арасында ұжымдық шарт жасалды. Жаңа келісімде компанияның жұмыскерлерінің еңбегінің қауіпсіздігін арттыру және әлеуметтік еңбек жағдайларын жақсарту жөніндегі шаралар көзделген. Тұтастай алғанда «ПетроҚазақстанның» осы мақсаттарда қажетті істердің бәрін жасайтынын айта кету керек. Қазір ПҚҚР компаниясында 1730 жұмыскер еңбек етеді, айлық экологиялық коэффициент 1427 жұмыскер үшін қарастырылған. Сонымен қатар еңбек демалысын берген кезде жыл сайын сауықтыру мақсатындағы материалдық көмек бөлінеді – жылына 210 миллион теңгеден астам. Зиянды жағдайларда жұмыс істегені үшін үстемақыны 264 қызметкер алады. Компанияның басшылығының шешімімен өткен жылы түрлі объективті себептерге: жұмыскерлердің, олардың жақын туыстарының ауыруына, апаттарға және тағы сондай-сондайларға байланысты қосымша материалдық көмек (жеті миллион теңгеге жуық) көрсетілді. Сонымен қатар ПҚҚР сырттан оқитын бөлімшелерде білім алып жүрген өзінің жұмыскерлерінің оқуының ақысын төлейді, мұнайшылардың жоғары және орта оқу орындарында оқып жүрген балаларына да тиісті материалдық көмек көрсетіледі.

Вахталық кенттерде тұратын жұмыскерлердің тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға да үлкен көңіл бөлінеді. «Арысқұм» кен орнындағы осындай қалашық 200 орынға мест, ал «Қызылқияда» – 50 орынға кеңейтілді. Өткен жылдан бері қызметкерлерді жұмыс орнына және одан кері жеткізу үшін «Тойота» маркалы қазіргі заманғы жайлы төрт автобусты жалдайды. Автобустар кондиционерлермен жарақталған.

ПҚҚР салауатты өмір салты жайлы да қам жейді. Қалада тұратын жұмыскерлер және олардың отбасы мүшелері ведомстволық спорт кешенінде спортпен айналысады. Спорт залдары мен спорт алаңдары сондай-ақ барлық вахталық қалашықтарда да бар. ПҚҚР сондай-ақ кен орындарының бірінде жаңа спорт залы мен жылыжайлар тұрғызуды жоспарлап отыр, онда көкөніс пен жеміс-жидек өсірілетін болады.

Ал жаңа ұжымдық шарттың нәтижесінде жұмыскердің еңбек жағдайлары бұрынғыдан жақсара түспек.

Жұртшылықпен және Үкіметпен байланыс жөніндегі вице-президент Чэнь Да Ю атап өткендей, ПҚҚР компаниясының әлеуметтік жобаларының бірі – «Арай-Sunrise» демалыс лагері, оны компания толық қамсыздандырады – жыл сайын осы мақсаттарға шамамен 98 миллион теңге бөлінеді. Мұнда жаз сайын 1080 бала тегін дамала алады, олардың 40 пайызы – ПҚҚР жұмыскерлерінің балалары.

Айтпақшы, лагерь жұмысын бастап та қойды, сөйтіп, «Жастардың жетістіктері -Junior Achievement» қоғамдық қорының өкілдері мұнда Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген мектеп оқушыларын экономика мен кәсіпкерлік негіздеріне үйретуін жалғастыруда. «Арай-Sunrise» лагерінде 19 үйірме жұмыс істейді, жасөспірімдерге әсіресе ұнайтыны – безендіру-қолданбалы өнер. Журналистер балалардың түрлі үйірмелерде немесе шұғылданатынын көруге мүмкіндік алды: інжу тоқу, жұмсақ ойыншық, киім үлгілерін жасау, ағаштан ою жасау, кілем тоқу, қыш-құмыра жасау, сырмақ өру, бейнелеу өнері және тағы басқа үйірмелер балалардың эстетикалық талғамы мен ой-қиялын дамытады.

Құмкөлге сапар

Келесі күні журналистер тобы Қызылордадан 200 километр жерде орналасқан «Құмкөл» кен орнында болып қайтты. Вахталық қалашықта жұмыскерлер үшін қолайлы жағдайлар жасалған: клуб, спорт залы (онда жаттықтырғыштарда жаттығуға, үстел теннисін ойнауға болады), кондитер цехы, бильярд бөлмесі, кітапхана, мұражай, спорт алаңы бар. Мұнда мезгіл-мезгіл спорт сайыстары, соның ішінде тоғанда өсірілетін балықтарды аулау бойынша сайыстар өткізіліп тұрады (ал ауланған балық сол сәтте-ақ суға қайта жіберіледі).

Компанияның негізін қалау кезінде оның бастауында болған адамдар туралы мұнайшылардың ұмытпайтыны ескерерлік жайт. Қалашықтың аумағында кезінде «Оңтүстікмұнайгаз» кәсіпорнын басқарған Мұрат Саламатовтың мүсіні орнатылған.

Содан кейін баспасөз мәжілісі өтті, онда өндіріс директоры Жу По Ми журналистерге «Құмкөл», «Оңтүстік Құмкөл», «Қызылқия», «Арысқұм» және «Майбұлақ» кен орындарында компанияның қалай жұмыс істеп жатқаны туралы әңгімелеп берді. Соңғы аталған үш учаскеде өндірілген мұнай құбыр жолы арқылы тасымалданып, «Құмкөлге» мұнай таситын көлікпен жеткізіледі. «ПетроҚазақстан» сондай-ақ «Солтүстік Нұралы», «Шығыс Құмкөл», «Оңтүстік Қызылқия», «Солтүстік-Батыс Қызылқия» кен орындарында мұнай өндіруді жоспарлап отыр.

– «Құмкөлде» мұнайды, газ бен суды қайта өңдеуге арналған алдын ала су төгу қондырғылары, газды пайдаға жарату цехы, газ компрессорлық станция, мұнайды кешенді дайындау мен қотару цехы, блокты-бұталы сорғы станциясы бар, – деп  ата өтті Жу По Ми. – ПҚҚР – Қазақстанда газды пайдаға жарату бағдарламасын іске асырған алғашқы компаниялардың бірі. «Құмкөлде» өндірілген газ құбырлар арқылы газды пайдаға жарату цехына жіберіледі, ондағы газды-турбиналы қондырғыларда көгілдір отын қайта өңделеді де, электр қуаты шығарылады. Газ компрессорлы станцияда қалған газ жер қатына кері айдалады. Газды пайдаға жарататын цехтар сондай-ақ «Арысқұм», «Қызылқия» және «Майбұлақ» кен орындарында да бар.

Журналистер қазіргі заманға сай жабдықпен жарақталған жоғарыда аталған нысандарда болды, жұмыскерлердің мұнайды қалай өндіретінімен және жер асты қаттарының құрылымын сақтау үшін қандай қауіпсіздік шаралары қабылданатынымен танысты. Айталық, мұнайдан бөліп алынған су жер қатына кері айдалады.

Мұнайшылардың айтуынша, ілеспе газды пайдаға жарату бағдарламасы бірқатар маңызды экологиялық мәселелерді шешеді: газдың жағылуы мен ауаға шығарылуына жол берілмейді, мұнайдың төгілуі мен топырақтың ластану ықтималдығы азаяды, өндірістің өртке қарсы қауіпсіздігі айтарлықтай жақсарады. Соңғы бес жылда «ПетроҚазақстан» компаниясы ілеспе газды жинау, тасымалдау және кері айдау бойынша бірқатар ірі жобаларды іске асырды. Тұтастай алғанда «ПҚҚР» компаниясының өндірістік қуаттылықтары электр қуатын шығару, көгілдір отынды жер қатына кері айдау, мұнай дайындауға арналған тұрғылықты қондырғыларды қамтамасыз ету үшін газды өз мұқтаждарына пайдалану жолымен ілеспе газды пайдаға жаратуға мүмкіндік береді. Ілеспе газды пайдаға жарату бойынша «Құмкөлде» іске асырылған жобаларға 80,2 миллион доллар жұмсалды.

Кен орындары мен ілеспе инфрақұрылымды дамыту мақсатында бірқатар жобалар, соның ішінде кен орындарындағы коллекторлық жүйелердің, кәсіпшілік ішіндегі автомобиль жолдарының, мұнайды сақтауға арналған резервуарлардың құрылысын салу, сондай-ақ ұңғымаларды бұрғылау мен жайғастыру жобалары іске асырылды. Өткен жылы ПҚҚР 1,9 миллион тоннадан астам мұнай өнімдерін, соның ішінде 1,24 миллион тоннасын ішкі нарықта сатып өткізді, және 704 мың тонна мұнай өнімдері экспортқа шығарылды. «ПетроҚазақстан» көктемгі және күзгі дала жұмыстары кезінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді арзандатылған дизельдік отынмен қамтамасыз ету бағдарламасына ат салысады.

Келесі аялдама Жаңақорган ауданында, «Балдәурен» балабақшасында болды, ол «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз». АҚ-ның демеушілік қолдауымен осыдаен тоғыз жыл бұрын ашылған болатын. Осы уақыт ішінде мұнайшылар бұл мекемеге барынша көмек беріп келеді: қаражат оқытушылардың еңбекақысын төлеуге, азық-түлік, төсек-орын, ойыншықтар, қажетті мүлік-мүкәммал сатып алуға, күрделі жөндеу жүргізуге бөлініп отырды. ПҚҚР компаниясының қаражатына балабақша ғимаратында жылыту жүйесі түгелдей қалпына келтірілді, металл қоршау орнатылды. Мектепке баратын балаларға жыл сайын мектеп сөмкесі мен керек-жарақтар беріледі. Сондай-ақ компания осыдан біраз уақыт бұрын бұл «ГАЗель» автомашинасын, түрлі-түсті теледидар, екі бейнемагнитофон, «Ямаха» аспабы мен музыка жүйесін сыйға тартқан болатын.

ПҚҚР компаниясының стратегиялық байланыстар жөніндегі директоры Асан Қожақов сәбилерді алда келе жатқан Балаларды қорғау күнімен жылы жүзбен құттықтап, оларға және балабақшаның жұмыскерлеріне мықты денсаулық пен бақыт тіледі. Биыл мектепке баратын балалар тобына мектеп сөмкелері тарту етілді.

Жаңақорған ауданының әкімі Бекмырза Еламанов және балабақшаның ұжымы «ПетроҚазақстан» компаниясының басшылығына көмегі үшін ыстық ілтипатын білдірді. Ал «Балдәуреннің» бүлдіршіндері қонақтарға концерттік бағдарламасын көрсетті. Сол күні біз сондай-ақ күншуақты Түркістанға соғып, сәулет өнерінің айбынды ескерткіші – Қожа Ақмет Яссауидің кесенесінде болдық, көне мешітті, шығыс моншасын, қақпаны көрдік, мұражайдағы экспонаттар жинағын тамашаладық. Кешке қарай делегация Шымкентке жол тартты.

Қайырымды істер кітабы

Оңтүстік Қазақстан облысына барған сапардың екінші күні «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-нің өндірістік базасы – Шымкент қаласына таяу орналасқан мұнай өңдеу зауытына саяхат болып өтті. Мұнда журналистердің тобы операторлық бөлмені, құю эстакадаларын, резервуарларды және басқа да құрал-жабдықты қарап шығуға мүмкіндік алды. Нысан 1985 жылы тұрғызылған, ал бес жыл бұрын CNPC Қытай ұлттық мұнай корпорациясы зауыттың акцияларының 100 пайызын сатып алды. Осы кәсіпорынның қолайлы географиялық орналасуын және жоғары техникалық мүмкіндіктерін есепке алса, ішкі және сыртқы нарықтарға мұнай өнімдерін жеткізу  үшін онда барлық жағдайлар бар. Шымкент мұнай өңдеу зауытының жобалық қуаттылығы жылына 5,25 миллион тонна мұнайды құрайды. Зауыт ПҚҚР мен басқа да компаниялардың мұнайын өңдейді, Қазақстан Республикасындағы мұнай өнімдері өндірісінің жалпы көлемінің 35 пайызға жуығын шығарады және Қазақстанның үш мұнай өңдеу зауытының бірі болып табылады.

Содан кейін ПҚОП компаниясының вице-президенті Цзян Ши қатысқан баспасөз мәжілісі болып өтті, онда Цзян Ши кәсіпорынның қызметі туралы айтып берді. Бүгін серіктестік жоғары сапалы бензин мен дизельдік отынның бірнеше маркасын, вакуумдық газойль, мазут, реактивтік отын мен сұйылтылған газ шығарады. Қазіргі заманғы озық өңдеу үрдісін қолданудың әрі Құмкөл мұнайының айрықша жоғары сапасының нәтижесінде «ПетроҚазақстан» компаниясының өнімдерінің сапасы жоғары болып келеді. Өткен жылы зауыт төрт миллион тоннадан астам шикі мұнайды өңдеді.

ПҚОП компаниясында да қауіпсіз әрі сенімді өндіріске көп көңіл бөлінеді, және осының арқасында мұндай қазаға ұшырау мен жарақат алу бойынша көрсеткіштер нөлге тең. Басшылық өндіріс қалдықтарын барынша азайту және кәсіпорынның өнеркәсіптік қызметінің қоршаған ортаға келтіретін зиянды әсерін төмендету бойынша шараларды қабылдауын жалғастыруда. Өткен жылы кәсіпорын өндірістің техникалық мүмкіндіктерін жетілдіруге, сондай-ақ қауіпсіздік техникасы мен еңбекті қорғауды жақсартуға бағытталған бірқатар инвестициялық жобаларды 2,9 миллиард теңге сомасында орындап шықты. Үстіміздегі жылы зауыттағылар қолданыстағы қондырғыларды жөндеуге кіріседі.

Және ПҚОП бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясындағы белсенді жұмысын жалғастыруда. Жыл сайын ОҚО әкімдігімен ынтымақтастық туралы меморандум жасалады. Биыл әлеуметтік жобаларды іске асыруға мұнайшылар 150 миллион теңге қаражат бөлді. ПҚОП компаниясы Оңтүстік Қазақстан облысындағы аса ірі салық төлеуші болып табылатынын еске сала кеткен артық емес.

Кадрлық саясатқа келетін болсақ, ол бірінші кезекте жергілікті мамандар мен ұйымдарды жұмысқа тартуды көздейді, жұмыс орындары, қаланың тұрғындарына да, сондай-ақ көрші аймақтардың тұрғындарына да беріледі. Қазір «ПҚОП» ЖШС-інде 1310 адам жұмыс істейді, сонымен қатар өндіріске мердігерлік ұйымдардың бір мыңнан астам жұмыскері тартылған. Кәсіпорын кадрларды кәсіби тұрғыдан даярлауға және қайта даярлауға белсенді түрде атсалысады, оқыту бағдарламаларына демеушілік жасайды.

Цзян Ши журналисттердің сұрақтарына жауап берді.

Баспасөз мәжілісінен кейін тағы бір жағымды оқиға орын алды – ПҚОП аумағында орналасқан жаңа асхана ашылды. Басшылық зауыттың жұмыскерлері өздерін жайыл сезінуі үшін барлық жағдайды жасайды.

«ПетроҚазақстан» АҚ-ның ізгі істерін Оңтүстік Қазақстан облысындағылар жоғары бағалайды. Қазір онда жыл сайын өткізілетін «Қазақстан әйелдері – кедейлікке қарсы» атты қайырымдылық акциясы басталды, ал үстіміздегі жылы бұл шара көп балалы және әл-ауқаты төмен әйелдер үшін жұмыс орындарын құруға бағытталған. Акцияны ұйымдастырушылар – ОҚО әкімдігі жанындағы әйелдер ісі мен жанұялық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия және «Оңтүстік Қазақстан облыстық әйелдер мен балаларды қолдау орталығы» қоғамдық қоры. ПҚҚР компаниясы да Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш, Мақтарал, Созақ аудандарының қоғамдық бірлестіктеріне, сондай-ақ Кентау мен Арыс аудан орталықтарына іс тігетін жабдық тапсырып, осы акцияға өз үлесін қосты. Іс тігетін жаңа машиналарының арқасында әйелдер енді өз тігін цехтарын аша алады.

ПҚҚР компаниясының стратегиялық байланыстар жөніндегі директоры Асан Қожақов әйелдерді осы атаулы оқиғамен құттықтап, оларңа еңбекте табыс тіледі. Акцияға қатысушылар «ПетроҚазақстан» компаниясы ұжымына қамқорлығы мен ықыласы үшін алғыс білдірді.

ПҚҚР компаниясының қайырымды істерінің қомақты кітабын оқып шығу үшін көп уақыт керек, себебі ол жүздеген парақтан құралады. Онда компаниядан көмек алған адамдар да, ұйымдар да бар. Мұнайшылардың балаларға үнемі қамқорлық жасайтыны ескерерлік жайт. Біз барып қайтқан № 4 Сайрам балалар үйінің тәрбиеленушілерінің жолы болғыш екен, себебі 15 жылдан бері компания оларға қамқорлық жасап келеді. Қазір бұл мекемеде жетім және және ата-анасының қамқорынсыз қалған 150 бала (7 жастан 17 жасқа дейін) тәрбиеленуде.

Қамқорлық алынған сәбилер «ПетроҚазақстан» компаниясының қызметкерлерін ежелгі достарындай жылы жүзбен, қол шапалақтап қарсы алды. Балалар үйіндегі жайлардың жасау-жиһазына, әдемі киінген әрі мәз-мәйрам балаларға қарағанда, бұл мекемеде бәрі де жақсы сияқты.

— «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясы бізге әрдайым қол ұшын береді, — деп бөліседі балалар үйінің директоры Ханбибі Әбдіқадырова. Бұл кісіні осындағылардың бәрі «үлкен мама» деп атайды. — Мұнйашылар бізге автобус, жаттықтырғыштар, компьютерлер, ойын кешенін, жиһаз сыйға тартты, балаларға киім-кешек бөлді. Олар балалардың өмірін жарқын етіп, қуанышқа толтырады. Біз ПҚҚР басшылығына шексіз ризамыз. Балалар – біздің болашағымыз, сондықтан да олардың тағдырына немқұрайды қарамайтын адамдардың болғаны ғанибет.

Бұл жолы да мұнайшылар балаларға құр қол келген жоқ, қымбат бейнекамераны сыйға тартты, енді олардың жаңа үйірме ашуына бір себеп табылды.

— Біз сендердің болашақтарың жарқын болғанын, армандарың орындалып, өмірлерің сәтті болғанын қалаймыз, — деді тәрбиеленушілерге арнаған сөзінде А. Қожақов. — Егер сендердің армандарың орындалса, демек, сендер біздің үмітімізді ақтадыңдар, кейін осы үшін біз сендерге рақмет айтамыз.

Балалар қонақтарды қызықты концерттік бағдарламамен қуантып, сан алуан өзіндік ән-билерін көрсетті.

Біз барған соңғы мекеме – облыстық Жастар үйі, мұнда мұнайшылар мұғалімдер ұжымымен және шәкіррттермен кездесті. Мұнда ПҚҚР тағы бір ізгілікті іс атқарған болып шықты: жас қыздар белгілі бір іспен айналыса алуы үшін өткен жылы «ПетроҚазақстан» оларға үш тігін машинасы мен мата сыйлаған екен, енді қазір бойжеткендер осы жабдықты сәтімен пайдаланып, өздерінің коммерциялық ісін жолға қоюға әрекет жасауда.

Шай үстінде бейресми әңгіме-дүкен құрып, оқытушылар мен мемлекет қамқорындағылар өздерінің жұмысы мен тұрмысы туралы, жоспарлары туралы айтып берді. Балалардың көпшілігі жақсы жұмысқа орналасып, болашағын жолға қоюды армандайды, және осы жолда өздеріне көмек беретіндер табылар деп үміттенеді. Несі бар, мұндай тілек кез келген адамда болады, ал ПҚҚР компаниясының да бұл тұрғыдан өз ой-пікірі бар.

Кездесудің естелігі ретінде жомарт мұнайшылар балаларға түрлі-түсті теледидар тарту етті.

Тұтастай алғанда медиа-сапар қызғылықты әрі танымдық болып шықты. БАҚ өкілдері ПҚРР компаниясының өндірістегі жетістіктерін және әлеуметтік жобаларын жақыннан көріп-танысуға мүмкіндік алды. Әрине, компания қол жеткен жетістіктеріне тоқмейілсіп отыра бермейді, сондықтан да болашақта кәсіпорынның қоғамға әлі де көп пайда әкелетіні даусыз.

/К. Әбдірахманова «Сыр бойы», Н. Ниязова «Халық»/

Вы переходите на pkop.petrokazakhstan.kz