Футбол ауысымы«Арай-Санрайз» демалыс лагерінде «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ның жүлдесі үшін өткізілген мектеп оқушылары арасындағы дәстүрлі облыстық турнир аяқталды. Биыл оған облыстың 7 ауданынан, Қызылорда және Байқоңыр қалаларынан келген тоғыз команда қатысты.Турнирдің ұйымдастырушылары – облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен «ПҚҚР» АҚ.
Бұрыннан белгілі, әр жыл сайын «Арай-Санрайз» лагеріндегі соңғы ауысым – бқл спорттық ауысым. Мұнда 13-14 жас шамаларындағы бүлдіршін футболшылар жиналады. Іс жүзінде олардың барлығын да тәжірибелі ойыншылар деуге болады, өйткені әрқайсысы бес-алты жылдан бері жаттығып келеді. Демалыс уақытында олар жаңа оқу жылына күш жинап қана қоймай, шеберлік те сынасады. Бұрнағы жылдардағы сияқты, футбол алаңындағы сайыстар кәдімгідей қыза түсті. Әсіресе, Сырдария ауданынан қатысқан команда жанкүйер қауымды тәнті етті. Бапкерлері айтқандай, осының алдындағы жылдары бұл команданың жас ойыншылары жеңіске онша құлшыныс таныта қоймапты, ал биыл жақсы дайындалып, турнир жеңімпаздарына сәл ғана есе жіберген.
Қорытындысында, бірінші орынды Қызылорда қаласынан келген команда жеңіп алса, екінші орын сырдариялықтарға бұйырған, және үшінші орынды Байқоңыр қаласынан келген команда еншілеген.
Байқонырлық команданың бапкері Тимур Атағұлов бұл турнирге екінші рет қатысып отырғандықтары жайлы әңгімелеп берген еді. – Жарыстар жоғары деңгейде ұйымдастырылған,- деп атап өтті ол. – Барлығы да «ересектер» ойыны сияқты болып өтті, мұның өзі жеткіншектерді жинақы етіп, бүкіл күш-жігерін аянбастан жұмсауға итермеледі. Осы аталған іс-шаралар балғын футболшылардың бойына қайсарлық қасиетін дарытып, командалық рухқа тәрбиелейді, қиындықтарды қаймықпай еңсеруге баулиды. Олар осы арқылы республиканың футбол командаларына жақсы ізбасар ойыншылар буынын даярлап шығармақ. Турнир демеушілеріне айтар алғыс зор, өйткені балалар үшін бұл нағыз спорт мерекесіне айналды. Бұл жердегі тынығу да тамаша болып өтті. Енді олар мектептеріне жаңа оқу жылында тың күш-жігермен барады және жаттығу шараларын үлкен құлшыныспен жалғастыра түседі.
Салтанатты рәсімде жеңімпаз командаларға наградаларды «ПҚҚР» АҚ-ның Жұртшылықпен байланыс жүргізу бөлімінің менеджері Ақтолқын Сұлтангереева мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бұқаралық спорт бөлімінің бастығы Ғалым Сиқымов тапсырды. «ПҚҚР» АҚ-ның атынан жарыс жеңімпаздарына дипломдар мен бағалы жүлделер табыс етілді.
Сол сияқты номинациялар бойынша үздік ойыншылар аталып өтілді. Үздік қақпашы болып – Әсет Шымкентов (Шиелі ауданы), үздік қорғаушы болып – Руслан Алмасұлы (Жаңақорған ауданы), үздік жартылай қорғаушы болып –Ернар Самұратов (Арал ауданы), үздік шабуылшы болып – Айдос Совет (Қазалы ауданы) танылды. Үздік сұрмерген атағына лайық деп төрешілер Жалағаш ауданынан келген 11 жасар ойыншы Диас Сағынбайды ұйғарды. Бұл турнирде ол ең өнімді футболшы болды – оның есебінде жалпы қорытынды бойынша сегіз гол бар. Диастың өзі әңгімелеп бергеніндей, ол футболмен алты жастан бастап айналысады екен. Мұндай жарыстарға ол алғаш рет қатысып отыр. – Маған лагерьдегі демалыс қатты ұнады, – деді ол. – Бұл жерде тынығу үшін тамаша жағдай жасалған, тамағы дәмді, уақыт білдірместен тез өтіп кетті. Осында болып тынығып қайтқаныма өте қуаныштымын. «ПетроҚазақстан» компаниясына турнир өткізгені және жүлде бергені үшін үлкен рахмет деймін. Былтыр біздің команда екінші орын алған. Келер жылы біздер тәуір нәтижеге қол жеткіземіз деп үміттенемін.
Сондай-ақ үздік бапкерлер де марапатталды, олар – Нұрлан Байшораев Кызылорда қаласынан және Болатбек Жұманазаров Арал ауданынан жарысқа келген бапкерлер. Әділ қазылық еткендіктері үшін грамоталармен және естелік сыйлықтармен төрешілер Мақсат Әжімбетов, Алексей Куберский, Абзал Жаханов және Еркін Жантуғанов аталып өтілді.