/**/

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-ның жұмысымен танысты.

Шымкент қаласына барған жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Әлихан Смайылов «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС мұнай өңдеу зауытының жұмысымен танысты. «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС ішкі нарық үшін бензин, дизель отыны, авиакеросин, сұйытылған газ, мазут және басқа да мұнай өнімдерін шығаратын өңірдегі ірі кәсіпорындардың бірі болып табылады. Компанияның президенті Е.О. Қожабаев Премьер-министрді кәсіпорынның өндірістік қызметімен таныстырды. 

2018 жылы кәсіпорын Индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында масштабты жаңғырту мен қайта құрудан өтті. Бұл зауытқа автоматтандыру және цифрландыру саласында халықаралық тәжірибені енгізуге, өндірістік процестерді жетілдіруге, сондай-ақ шығарылатын өнімнің ассортиментін кеңейтіп, сапасын көтеруге мүмкіндік берді.

Әлихан Смайылов елімізде мұнай өнімдерін тұтыну жыл сайын, әсіресе егін егу және жинау жұмыстары мен жылыту маусымы кезеңдерінде артып келе жатқанын атап өтті.

«Қазіргі уақытта қажеттіліктің артып келе жатқанын ескере отырып, Шымкент мұнай өңдеу зауытының шикізат өңдеу қуатын жылына 6 млн. тоннадан 9 млн. тоннаға дейін арттыру мәселесі пысықталып жатыр. Бұл ішкі нарықты толығымен қамтамасыз ету мәселелерін шешіп қана қоймай, сондай-ақ қала тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етеді», — деді Үкімет басшысы.

Премьер-Министр қазіргі кезде Үкімет жанар-жағармай материалдары нарығын реформалауды, оның ішінде еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарының барлығын маркетингтік жұмыс принципіне ауыстыруды жүргізіп жатқанын айтты. 

Вы переходите на pkop.petrokazakhstan.kz