/**/

«Қазақстан Қытайдың энергетика секторында барған сайын үлкен рөл атқаруда»

«Мұнайшы» журналының сұрақтарына «ПетроҚазақстан» компаниясының Президенті Бо Чилян мырза жауап береді.

Қазақстан Қытайдың энергетикалық балансында қандай орын алады? Сіз осы бағыттағы өзара қарым-қатынастың болашақта даму барысын қалай бағалайсыз?

Бірнеше жылдар бойы Қазақстан мен Қытай стратегиялық серіктестік негізіндегі іскерлік ынтымақтастықты табысты дамытып келе жатыр. Қазақстан Қытайдың энергетика секторында барған сайын үлкен рөл атқаруда. Дегенмен де, осы рөлді күшейте түсу үшін мүмкіндіктер әлі де бар. Мен мынадай статистикалық деректерді келтірер едім: Қытай Халық Республикасында шикі мұнайды нақты тұтыну көлемі 2007 жылы 345,9 млн тоннаны құрады, осының тек 5,33 млн тоннасы (немесе 1,54%) ғана Қазақстаннан импортқа әкелінді. Қазақстан мұнайын Қытайға экспортқа шығару көлемі Қазақстан-Қытай құбыр жолы құрылысының екінші сатысы аяқталғаннан кейін артады деп күтілуде.

Сіз ҚҰМК-ның Қазақстанның мұнай-газ нарығындағы бүгінгі жағдайын қалай бағалайсыз? Оның осы нарыққа қатысуын кеңейту жоспарлары бар ма?

Қазақстанда өзінің бизнесін дамытып келе жатқан он жылдан астам уақыт ішінде ҚҰМК бүгін мұнай саласындағы қызметтің барлық түрлерімен, соның ішінде көмірсутектерді геологиялық барлаумен, өндірумен және өңдеумен, оларды тасымалдаумен және маркетингімен белсенді түрде айналысады. Компания инвестициялау саласында және елдің экономикасы мен әлеуметтік инфрақұрылымына үлес қосу тұрғысынан аймақтағы көшбасшылардың біріне айналды.

Іскерлік даму үшін қолайлы мүмкіндіктер инвесторлар үшін әрқашан да тартымды болып табылады. Жауапкершілігі жоғары корпоративтік азамат бола отырып, ҚҰМК өзінің қызметін кеңейту мақсатында шешімдер қабылдаған кезде әлеуметтік жауапкершілік мәселелерін байсалды түрде қарастырады. Осылайша, ҚҰМК компанияның және Қазақстан Республикасының экономикалық дамуының мүдделерінде қызметін кеңейтудің әр мүмкіндігін пайдаланатын болады.

Соңғы кездері Қазақстанның бақылау органдары экологиялық түйінді мәселелерге үлкен көңіл бөледі, атап айтқанда, ілеспе газды алауларда жағуға тыйым салады. «ПетроҚазақстан» компаниясы Құмкөлге келгенге дейін өндірілетін ілеспе газдың барлығы дерлік алауларда жағылып келгені мәлім. Сіздер осы мәселені қалай шешіп жатырсыздар?

Мұнай өндіру қызметін жүзеге асыру кезінде қоршаған ортаға қамқорлық жасау ҚҰМК үшін Қытайда да, сондай-ақ халықаралық деңгейде де аса маңызды басымдық болып табылады. Бұл компанияның «Қуат беру және Үйлесімдік жасау» деген жетекші қағидасын ашып көрсетеді. Сондықтан Қазақстанда өзінің қызметін жүргізе бастаған кезден-ақ ҚҰМК газды алауларда жағу мәселесімен көңіл қойып айналыса бастады.

2005 жылғы қазан айында «ПетроҚазақстанның» активтерін сатып алғаннан кейін компания газды кәдеге жарату жөніндегі жобаларға 150 млн доллардан астам қаражат жұмсап, Құмкөл кен орындары тобындағы 131 алаудың 112-сін сөндірді. 2008 жылдың соңына дейін барлық алаулар сөндіріледі деп күтілуде. Қазіргі кезде ПҚҚР Құмкөлдегі және КАМ кен орындағы газ қалпағына газды кері айдау ісін жүзеге асыруда, бұл мұнай беруді арттыруға мүмкіндік береді және экологияны жақсартады. Сонымен қатар, Құмкөл кен орнында өндірілетін ілеспе газ газ-турбиналы қондырғыларда электр қуатын өндіру жолымен кәдеге жаратылады.

Құмкөл кен орындары тобының болашақта қалай дамитыны туралы айтып берсеңіз?

Құмкөл кен орны негізгі кен орны болып қалады және Оңтүстік-Торғай алабындағы біздің мұнай-газ операцияларымызда маңызды рөл атқаратын болады. Кен орны түгел дерлік қазбаланып болғанына қарамастан, біз құрған көмекші инфрақұрылым, соның ішінде мұнай сақтау қоймалары, электр қуатымен, сумен және тұрғын үй-тұрмыстық жағдайлармен жабдықтау жүйелері бұл жерден шалғайырақ орналасқан активтерді геологиялық барлау, бағалау мен қазбалау ісін жалғастыруға қолдау көрсету үшін сенімді негіз болып табылады.

Құмкөл кен орнында алуан түрлі мұнай операцияларының үлкен көлемі іске асырылуда, сондықтан ол болашақта да біздің жас мамандарымызды техникалық және іс-тәжірибелік машықтармен қамтамасыз етуде өзекті рөл атқаратын болады. Соңғы жеті жылда негізгі Құмкөл шоғырынан бір-екі-ақ шақырым жерде екі жаңа кен орны табылды, олар да қазбаланатын болады. Олар Құмкөлде бар ортақ инфрақұрылымды ішінара пайдаланып, біздің операцияларымыздың көлемінің артуын қамтамасыз етуге және «ПетроҚазақстан» компаниясының бүкіл өндіруші бөлімшесін тұрақты дамытуға өздерінің үлесін қосады.

Құмкөл кен орны жуырда тағы бір маңызды міндетті жүзеге асыру үшін, атап айтқанда, Атасу – Алашанькоу мұнай құбыр жолының бойындағы басты орталық сорғылық станция ретінде таңдалды. Бұл Құмкөл кен орны болашақта атқаратын көп салалы рөлдің дәлелі болып табылады.

Шымкент МӨЗ «ПетроҚазақстан» компаниясының маңызды активі екенін назарға ала отырып, осы зауытқа қатысты Сіздердің жоспарларыңыз қандай?

1985 жылы салынған Шымкент МӨЗ-дің жобалық қуаттылығы жылына 5,25 млн тоннаны құрайды. 2007 жылы онда 4,06 млн тонна мұнай қайта өңделді. Салыстыру үшін айтсақ, 2006 жылы бұл көрсеткіш 4,04 млн тонна мұнайды құраған болатын.

Біз мұнай резервуарларын қайта жарақтандыру бойынша жұмысты жалғастырдық. Мысалы, сыйымдылығы 20 мың тонна 304/4 мұнай резервуары мұнай қожынан тазартылып, оны толық жөндеу және қайта құру іске асырылды. Сонымен қатар, екі трансформаторлық қосалқы станцияның ескірген жабдығын ауыстыру іске асырылды, іркіліссіз жұмысты қамтамасыз ету үшін мұның маңызы өте зор. Жалпы алғанда, 2007 жылы МӨЗ-ді жаңартуға бағытталған инвестициялардың жалпы көлемі 19 млн АҚШ долларын құрады.

Октандық саны жоғары бензиннің шығысының барынша үлкен деңгейіне қол жеткізілді – жалпы көлемнің 50%-ынан астамы. Бұл орайда ашық түсті мұнай өнімдерінің қайта өңделген мұнайдың көлеміне арақатынасы 62%-ға жетті.
2008 жылы жоспарланып отырған жаңарту ісі ашық түсті мұнай өнімдерінің шығысын арттыруға мүмкіндік береді және олардың сапасын Еуро-3 және Еуро-4 стандарттарының деңгейіне дейін көтереді, полипропилен, бензол және қарапайым күкірт сияқты жаңа өнімдерді шығаруды, сондай-ақ зиянды төгінділерді азайтуды қамтамасыз етеді.

Вы переходите на pkop.petrokazakhstan.kz