«ҚазМұнайГаз» басшысы Шымкент МӨЗ-нен мұнай өнімдерін тұрақты жөнелтуді тапсырды
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Шымкент мұнай өңдеу зауытына жұмыс сапарымен барды.
Сапар барысында М.Мырзағалиев ҚМГ, зауыт басшылығының және серіктестердің қатысуымен жиын өткізді.
Жиында «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС (ПҚОП) Президенті Ерболат Қожабаев зауыт жұмысының биылғы 7 айдағы нәтижелері, өндірістік бағдарламаның орындалу барысы және 2023 жылға шегерілген жоспарлы жөндеу жұмыстарына дайындық туралы есеп берді. ПҚОП 2022 жылдың 7 айында 3,6 млн тонна мұнай өңдеді, 1,2 млн тоннаға жуық бензин, 1,1 млн тонна дизель отынын, 204 мың тонна авиаотын және басқа да мұнай өнімдерін өндіріп шығарды. Ал 2021 жылы осындай кезеңінде зауыт 2,7 млн тоннаға жуық мұнай өңдеп, 1 млн тоннадан астам автобензин, 779 мың тонна дизель отынын, 149 мың тонна әуе керосинін өндіргенін атап өткен жөн.
«Шымкент мұнай өңдеу зауыты тұрақты жұмыс істеп тұрғанын, қазіргі уақытта өндірістік бағдарламаны толық орындап, дизель отынын өндіру жоспарын 1100 тоннадан асыра орындап келе жатқанын атап айтқым келеді. Жанар-жағармай нарығындағы күрделі жағдайдың басты себептері ретінде көрші елдермен баға диспаритетін және Қазақстанда өндірілетін мұнай өнімдерін үлкен көлемде құйып әкету, соның ішінде дизель отынын заңсыз әкету жағдайларын келтіруге болады», – деді М.Мырзағалиев.
Осыған байланысты «ҚазМұнайГаз» басшысы уәкілетті мемлекеттік органдарды Қазақстан шекарасы маңында бақылауды күшейтуге және ел аумағынан мұнай өнімдерін заңсыз шығаруды тоқтату мәселесіне қатысты шұғыл түрде түбегейлі шара қолдануға шақырды.
Айта кетейік, қазіргі уақытта барлық үш МӨЗ жоғары қуатында жұмыс істеп тұр және мұнай өнімдерін шығару жөніндегі бекітілген жоспарларды толық орындауда. Бұдан бөлек, Шымкент МӨЗ-нің алдын ала жоспарланған жөндеу жұмыстары мұнай өнімдерінің тапшылығын болдырмас үшін 2023 жылға шегерілген, бұл дизель отынын өндіру бойынша биылғы қыркүйек айының жоспарын 70 мың тоннаға, ал жыл қорытындысы бойынша 20 мың тоннаға асыра орындауға мүмкіндік береді.
Жиында айтылғандай, жанар-жағармайды заңсыз әкету жағдайлары тоқтамаса, мұнай өңдеушілердің бар күш-жігері нәтижесіз болмақ. Зауыт басшылығына ҚМГ өңдеу блогымен бірлесіп, кейіннен уәкілетті мемлекеттік органдарға жолдау үшін мұнай өнімдерін заңсыз шығару мәселесі бойынша қажетті материал дайындау тапсырылды.
ҚМГ басшысы М.Мырзағалиев жиынды қорытындылай келе, зауыт басшылығына ПҚОП-тың тұрақты және апатсыз жұмысын қамтамасыз етуді, өндіріс бағдарламасының және барлық көрсеткіштердің орындалуын, сондай-ақ қызметкерлерге қолайлы еңбек ету, тұрмыстық және сауықтыру жағдайларын жасау бойынша әлеуметтік саясатты жүзеге асыруды одан әрі жалғастыруды тапсырды. Сонымен қатар жиында мұнай өнімдерін уақтылы жөнелту және логистика бойынша серіктестермен өзара тиімді іс-қимыл мәселесін бақылау мен ұйымдастыруды күшейту қажеттілігі айтылды.
Сапар барысында М.Мырзағалиев Түркістан облысында «САУТС-ОЙЛ» ЖШС салып жатқан К-5 мотор отынын шығаратын көмір химиясы және мұнай химиясы комбинаттарын да аралады. Кәсіпорындар басшылығы ҚМГ Басқарма төрағасына екі комбинат та мұнайдан бөлек газ конденсатын, мұнай шламын, сондай-ақ көмір мен торф өңдеуге мүмкіндік беретін технологияларды таныстырды.