/**/

ҚЗО ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ө. Шөкеев жұмыс сапарымен болып қайтты

5-6 ақпан күні Қызылорда облысында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Өмірзақ Шөкеев жұмыс сапарымен болып қайтты. Жұмыс сапарының негізгі мақсаты – индустрияландыру картасының шеңберіндегі жобалардың іске асырылу барысымен және Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық трассасын салу жұмыстарының дайындық дәрежесімен танысу. Бұл жобалардың іске асырылуы ел Президентінің қаңтар айында Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында қойылған міндеттердің аясында айрықша мән-маңызға ие болады.

Инновациялық бағдарламалар шеңберінде облысымызда электр қуатына деген тәуелділікті қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өткеніміз жөн.

Вице-премьер Ақшабұлақ кен орнында болып, облысты энергиямен қамтамасыз ету жобаларымен танысты. «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ әзірлеген стендтің жанына келгенде, мұнайлы өлкенің электр қуатын өндіруші өңірге айналып келе жатқаны баршаға аян болды.

Компанияның вице-президенті Чэнь Да Ю үкіметтік делегация мүшелеріне Құмкөл кенішіндегі жұмыс істеп тұрған газ турбиналы стансасын кеңейту турасында баян етті. Ол үстіміздегі жылы Құмкөл кенішіндегі осы газ турбиналы стансасындағы электр қуатын өндіру 50 мегаваттқа ұлғайтылатынын айтты. Бұл міндет қосалқы технологиялық және электр жабдықтары қондырылған әрқайсысының қуаттылығы 25 мегаваттық GE (General Electric) FS5001P үлгісіндегі қосымша екі газ турбиналы қондырғыны орнату есебінен жүзеге асырылады. Қондырғы газға қосылып, жылына 210 млн. текше метр көлеміндегі ілеспе газды пайдаға жаратуға мүмкіндік бермек. Аталмыш жоба кен орнына электр қуатының тұрақты берілуін және ең бастысы – 30 мегаваттқа жуық артылған қуатты КЕГОК желісіне беруді қамтамасыз етеді.

Жобаның қаржыландырылуы консорциумның жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылады, бұл консорциумның құрамына «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ мен «Торғай Петролеум» АҚ 50% үлеспен кіреді. Тартылатын инвестицияның жалпы көлемі 7,5 миллиард теңгені құрайды.

Объект кестеге сәйкес ағымдағы жылдың шілде айында пайдалануға берілмек. Құрылыс жұмыстарына 150 және пайдалану жұмыстарына 14 жергілікті кадрлар тартылатын болады.

Бірінші Вице–Премьер жұмыс сапарының соңында өңірдегі оң өзгерістерді атап өтіп, таныстыру рәсімінің жақсы деңгейде ұйымдастырылғаны үшін алғысын білдірді.

Вы переходите на pkop.petrokazakhstan.kz