«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында «Қазгермұнай» БК» ЖШС-нің Ақшабұлақ кен орнындағы өндірістік нысандарын, сондай-ақ «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-тың Құмкөл кен орнындағы нысандарын аралады. ҚМГ басшылығымен бірге нысандарға Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев та барды.
М. Мырзағалиев «Зияткер кен орны» жобасы аясында Ақшабұлақта ашылған жедел басқару орталығының жұмысымен танысты. Ол көмірсутек өндірісінде процестерді тиімді басқару үшін цифрландырудың маңызды екенін атап өтті.
«Қазгермұнай» компаниясының нысандарын аралау кезінде ҚМГ Басқарма Төрағасы кәсіпорын 2022 жылдың қорытындысы бойынша қойылған барлық міндетті орындағанын атап өтті. Ол кәсіпорынның тұрақты әрі апатсыз жұмысын қамтамасыз етуді және 2023 жылға арналған өндірістік бағдарламаны орындауды тапсырды.
М. Мырзағалиев сондай-ақ «Қазгермұнай» БК» ЖШС ұжымын 2023 жылы компанияның құрылғанына 30 жыл толуына орай мерейтоймен құттықтады (1993 жылы 9 қазанда құрылған).
«Өндірістік бағдарлама толық орындалды, компания жақсы қаржылық-экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізді, әлеуметтік тұрақтылықтың жоғары деңгейін сақтап қалды және Қазақстандағы ең тиімді мұнай өндіруші ұйымдардың қатарынан қалмай келеді», – деп атап өтті М. Мырзағалиев.
«ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ басшылығымен кездесуде ҚМГ Басқарма Төрағасы кәсіпорын тиімділігінің жоғары деңгейін атап өтіп, компания Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерінде ҚМГ-нің стратегиялық маңызды серіктесі екенін айтты. Сапар барысында М. Мырзағалиев «Торғай-Петролеум» АҚ газды кешенді дайындау қондырғысының жұмысымен танысты.
«Компания басшылығы мен ұжымына жұмыс істеп тұрған қорлардың сарқылуын ескере отырып, геологиялық барлау жұмысын белсенді жүргізуді жалғастыру қажет, ұжымда әлеуметтік тұрақтылықтың жоғары деңгейін сақтап, қойылған өндірістік міндеттерді орындау, сол арқылы компанияның тұрақты қаржылық-экономикалық жағдайын қамтамасыз ету маңызды», – деді ҚМГ Басқарма Төрағасы «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ басшылығы мен ұжымына ұйымшылдығы мен жоғары кәсіби біліктілігі үшін алғыс білдіре отырып.
Кеңес қорытындысы бойынша М. Мырзағалиев геологиялық барлау бағытындағы жұмысты жалғастыруды, кен орындарының тұрақты және апатсыз жұмысын қамтамасыз етуді, барлық экологиялық нормаларды сақтай отырып, өндірістік бағдарламаны орындауды тапсырды. Сондай-ақ, ол қызметкерлердің еңбегі, тұрмысы мен сауығуын қамтитын әлеуметтік саясатты одан әрі жүзеге асырудың маңызын атап өтті.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ туралы:
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ (ҚМГ) – Қазақстанның вертикалды интеграцияланған жетекші мұнай-газ компаниясы. ҚМГ көмірсутектерді барлау мен өндіруден бастап тасымалдауға, өңдеуге және мамандандырылған қызметтер көрсетуге дейінгі бүкіл өндірістік цикл бойынша активтерді басқарады. 2002 жылы құрылған Компания еліміздің мұнай-газ саласында Қазақстанның мүддесін қорғайды.