Жер кіндігінде жатқан өлке
Сыр өңірі – есте жоқ ескі замандардан бүгінге дейін жеткен сирек жәдігерлер: Бегабаттан, Фараб пен Яссыдан, Сауран және Сығанақтан, Жанкент пен Жиенттен бастап, көптеген теңізге немесе бір кездері – Хазар, кейінірек Арал аталған теңіздерге дейінгі ұлан далада өшпестей боп аты қалған, бүкіл әлемдік жылнамада өзіндік үлкен орны бар тарихи өлке. Климаты – континенттік: қысы суық, жазы аптапты әрі құрғақ. Бір шеті сонау Ақтөбе және екінші шеті Оңтүстік Қазақстан облыстарымен шектесіп жатқан бұл киелі мекен Сырдария өзенінің төменгі ағысындағы алапты ен жайлап жатыр. Облыс құрамында қазірде жеті аудан мен бір қала бар.
Көзінің тірісінде “Адамзаттың Айтматовы” атанған қайталанбас ұлы тұлға – әлем классигі Шыңғыс Төреқұлұлы аймақтың Қармақшы аумағындағы “Байқоңыр” ғарыш айлағы туралы өзінің әйгілі “Ғасырдан да ұзақ күн” роман-хикаясын жазған. Байқоңыр – Жердің кіндігі. Өйткені, төрткүл дүниедегі Жердің тартылыс күшін еңсеріп, Галактика төріне төте шығатын да нақ осы ғарыш айлағы. Планетарлық жазушы Шыңғыс аға араға ширек ғасырдай уақыт салып бұл арада “ПетроҚазақстан” компаниясының Жосалы мұнай құю терминалының іргетасы қаланып, ҚАМ магистральді мұнай құбырының тартылып, қарқынды жұмыс істей бастайтындығын қайдан біле қойсын, ол уақытта! Оған дейін осы философиялық беллетристиканың желісі бойынша барша адамдардың жер-жаһандық қауіпсіздігін кірпік қақпай күзетіп, х-апогей және у-пирегей нүкте координаталарындағы “Паритет-1” және “Паритет-2” ғарыштық кемелері ұшып жүрген еді аспанда…
Шежіре тұнған қасиетті өлке Ұлы Жібек жолының тарихи орталықтарының бірі болып табылады. Бүгінгі таңда өлкемізде 3 туристік фирма қызмет жасауда. Соған сәйкес, “Сыр елiм” атты саяхат маршруты ұйымдастырылған, осы маршрут бойынша көненің көзі – Түркістанға сапар шегуге болады. Біз тұратын аймақтың ең терістік нүктесі – Арал теңізінде соңғы жылдары Кіші Арал бөгеті салынып, күміс қанат шағалалар көкте қалықтады, енді оның көкшулан толқындары Арал қаласына қарай 35 шақырымға дейін жақындай түсті. Теңіз бойындағы атақты “Барсакелмес” табиғи қорығы да осында қоныс тепкен. Одан беріректегі “Қамбаш” көлінде жайғасқан “Киіз үй отель” туристік қызмет көрсету орталығы аймақтағы халықаралық туризм бизнесінің нағыз жауһарына айналғалы отыр. Бұл шара облыстағы “Жол картасы” бағдарламасы бойынша жүзеге аспақшы.
Сондай-ақ, Сыр өлкесінің табиғаты қаншама жерден қытымыр болып келгенімен де, өзінің төл перзенттері – адамдар үшін қамқор ананың жылы шуағын, ізгі мейірбандығын ыстық ықыласпен ұсынуда. Қазақ елінің түкпір-түкпірі мен жақын шетелдерден бір ғана шыбын жанына дауа іздеп сарсылған сырқат кісілер мұнда үзбей келіп жатады. Сіз емдік-шипалық қоры «Теріскен» көлінің табиғи қара балшығы мен минералды суы сүйек-буын және нерв жүйелері ауруларын, сондай-ақ ішкі ағзалар ауруларын да қоса жазып шығаратын сапалы емдік қасиеті аса жоғары, элементтік құрамы жөнінен Железноводск курортының Смерновский суына теңдес минералды су болып табылатын ыстық бұлаулы Жаңақорған шипажайын осы жерден табасыз.
Асанқайғы бабамыз Жерұйық іздеп жүріп өз бағасын беріп кеткендей, базбір замандарда Сырдың бойы көк майсаға бөленіп, «бақасы қойдай шулаған, балығы тайдай тулаған» асау дария кемерінен тасып аққанда, сонау Торғай жеріне дейін Сарысу өзенінің бойымен жүлгеленіп, жіңішке өзендер болып жететін мамыражай дәуірлер де болған. Жазира – жазық далалы, шөлді әрі көлді болып келеді. Сырдарияның бойында кезінде шұбары жолақ-жолақ болып тарғылданған, өкінішке орай, бүгінде жер бетінен жойылып кеткен Тұран жолбарысы құлақтарын жымып, үлкен мысықтай аяқтарын сақтана басып, саяқ жортып жүрген деседі. Сырдың ең соңғы қызыл жолбарысын ІІ дүниежүзілік соғыс біткеннен кейінгі жылдары көнекөз қариялар Шиелі ауданының Бәйгеқұм стансасы маңындағы көл жағасынан көріп қалған деген әңгіме ел арасында әлі күнге айтылып жүр.
Қазір уақыт та, қоғам да өзгерген. Аймаққа жыл сайын қомақты инвестициялар тартылып, облыстың 70 жылдық және Қызылорда қаласының 190 жылдық мерейтойы қала көркіне жаңаша келбет берді. Бұған қоса, болашақта “Бейнеу-Бозой-Шымкент” газ құбырының құрылысын жүргізу нәтижесінде Қызылорда ғана емес, жалпы алғанда, бес миллионнан көп халық тіршілік ететін байтақ өңірді – Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарын газдандыру жайы оябын таппақ. Облыс халқының “Жаңа Жібек жолы” деп орынды атап жүргеніндей, биыл “Батыс Қытай – Батыс Еуропа” трансұлттық автожолының қазақстандық бөлігінің құрылысы басталды. Ол Қазақстан халқының жартысынан астамы тұратын бес облыс пен Алматы қаласының аумағынан өтеді.
Өңір өзінің даңқты перзенттерінен еш кенде болған емес. Бұл жерден өткен ғасырдың Азамат соғысы мен Ұлы Отан соғысының отты жылдарында көптеген хас батырлар шыққан. Солардың бірегейі, гвардия подполковнигі, Қытай азаттық халық армиясының қаһарманы атанып, Қытай бостандық халық әскерінің қолбасшысы Чжу Денің алтын сапты қанжарымен арнайы марапатталған қазақ халқының ержүрек ұлы – Байділдә Доскенов атамыздың аяулы есімі біздер үшін айрықша қастерлі болмақ. Сондай-ақ біздің ауылда ғалым-геолог, Қазақ КСР ҒА академигі, Геология министрі болған Шаһмардан Есенов аға дүниеге келген. Ол Қазақстанның геология ғылымы мен геология қызметінің өркендеп-дамуына зор еңбек сіңірген. Оның тікелей басшылығымен Жезқазған аймағының мыс және родусит-асбест кендерін барлау мен зерттеудің тиімді әдістері әзірленіп жасалды. Бұған қоса ол ауқымды алаптағы Оңтүстік Маңғыстау мұнайлы-газды аймағын және т.б. келешегі кемел кен орындарын тауып, дәл анықтаған.
Жәдігерлер жадыларынан әсте жаңылып көрген емес. Жаңылыспайды да. Олар үшін өзгермейтін нәрсе – уақыт пен кеңістік қана. Ал, басқалары – байырқалайтын баяны жоқ, жәй бір өткінші дүние. Осылардың баршасы да бүгінгі ұрпақ үшін де, ертеңгі ұрпақ үшін де мәдени-тарихи танымдық сипаттағы халықтық қазына ретінде қарастырылады: Арал ауданындағы ІХ-ХІ ғасырларда салынған “Бегім ана“ мұнарасы, Қазалыдағы көпес Ғанибайдың үйі мен мешіті, Шиелідегі “Асан ата” кесенесі, “Оқшы ата” мешіті, жарты дүниені жаулап алған қаһарлы қаһан – Шыңғыс ханның қанды шапқыншылығына қарсы тұрған қазақ халқының қайтпас қайсар рухының күні бүгінге жеткен жанды көрінісі болып елестейтін, қайқы қылыштың шыңылындай және қозы жауырын жебенің суылындай із қалдырған Жаңақорған алабындағы ежелгі шаһарлар – “Сауран” (Х ғасыр), “Сығанақ” (Х ғасыр) және “Ақтас“ мешіті, “Айқожа“ кесенесі, сол сияқты Қызылорда қаласындағы біздің офистің маңдай алдындағы көрнекі жерде жайғасқан “Айтбай“ мешіті де (суреттегі) өңір тарихынан сыр шертіп тұрғандай.
Жалпы, Сыр елі дегеніміз – бұл көкжиегі алыстан арбап, сағымдай бұлдырап көз жанарын суырған, шығыстан батысқа және солтүстіктен оңтүстікке қарай керіле созылып жатқан кермиық мекен. Бұл сахарадағы құм шағылдардың жатағандау жон-жоталары мен тік те сусымалы бұйрат-бұйрат асуларын алтын-күміс қазыналар мен асыл маталардың зілмауыр теңдерін артып, үлекті нар бастаған қисапсыз қоңыраулы керуендердің сүрлеу іздері шиырлап өткен-ау деген ояу түйсік әлі күнге дейін менің ой-санамды тыншытпай, оқта-текте болса да, қызықты ертегідегідей мазалап қояды.
Бақытжан Абызов,
«ПҚҚР» АҚ Әкімшілік бөлімінің қызметкері.