/**/

«ӘКЕМ, АНАМ ЖӘНЕ МЕН – СПОРТШЫЛАР ОТБАСЫ»КОНКУРСЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Салауатты өмір салтын отбасының бүкіл мүшелері ұстануы тиіс. Өйткені ата-аналар өз балалары үшін еліктеу үлгісі болып табылады.

Ағымдағы жылдың 14 қазаны күні «ПетроҚазақстан» спорт кешенінде бүкіл отбасыға арналған «Әкем, анам және мен – спортшылар отбасы» атты спорттық мереке ұйымдастырылды! Мерекелік конкурсқа «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ жұмыскерлерінің отбастары қатысты.

Сайыста бірлігі жарасқан алты команда бақ сынасты, атап айтқанда, олар: «Жұлдыздар» (Тобашев Бағдаттың отбасы), «Высшая лига» (Сұлтан Сәбиттің отбасы), «Ұлы дала химигі» (Әшімов Мақсаттың отбасы), «Бәйтерек» (Беркенов Сейілбектің отбасы), «Три А: Алибек, Айжан, Анель» (Толыбекова Айжанның отбасы) және «Бірлік» (Медетбаев Батырбектің отбасы).

Конкурста әділ бағасын берген қазылар алқасының құрамы: Ақтолқын Сұлтангереева – жұртшылықпен байланыс жөніндегі менеджер; Бибігүл Үмбетова – Қызылорда облысының әкімі жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы; Күләш Қаршалова – «Асыл мирас» ҚҚ Қызылорда филиалының директоры.

Қатысушыларға қолдау көрсетуге әріптестері, туыстары мен достары да келді. Залда спортқа деген құмарлық пен позитивтің көңілді де шулы ахуал ауаны орнады. Дүбірлі сайыстың әрбір кезеңі тартысты өтті. Бірақ, ең бастысы – командалардың ауызбірлігі мен ұйымшылдығы.

Команда капитандары, әрине, балалар болды! Өз ата-аналарымен бірге ойнау мүмкіндігіне ие болған кішкене бүлдіршіндердің бал-бұл жанған бақытты жүздерінен отбасылық жылулықтың қуаныш лебі есіп тұрды. «Визит карточкасы», «Ең шапшаңдар», «Әйгілі қаптар», «Біз армандаған папа», «Папамамамобиль», «Қайықтағы үшеу», «Арқан тарту» деп аталатын эстафета жарыстары отбасының ұйымшылдығын, шапшаңдығын, күштілігі мен ептілігін байқап көруге бағытталды. Отбастары тек бірге, бір-біріне көмектесе отырып, жеңіске жете алды. Және олар жеңіп шықты! Әрбір отбасы белгілі бір номинация бойынша жеңімпаз атанды.
 


Конкурсқа қатысушылар өздерінің жылы лебіздерімен бөлісті. Олар ең бастысы спортқа деген ынтызарлықты сезініп, ерекше көңіл-күйде болғандарын, отбасымен бірге алтынға бергісіз уақыт өткізгендерін тілге тиек етті.

Жарысқа қатысушылардың алған әсерлерін жеткізгенді жөн көрдік:

Сәбит, Айнұр, Ерсейіт («Высшая лига» командасы): «Конкурс қызықты өтті, мол жағымды әсер алдық. Отбасымызбен уақытты тамаша өткіздік — бәріміз ризамыз. Жұбайымыз екеуіміз дене бітімімізді үнемі қалыпта ұстаймыз, жаттығамыз. Бүгін бәрінен бұрын шыныққан шымыр күшті талап ететін шешуші «Арқан тарту» сайысы қатты ұнады, — дейді сайыс жеңімпазы атанған отбасының отағасы Сәбит Сұлтан.

Бағдат, Әсия және Дінмұхаммед («Жұлдыздар» командасы): «Бірінші рет қатысып тұрмыз. Өз басым қатты толқыдым, бірақ бірінші сайыстан толқуым сейіліп кетті, көңіл-күйім көтеріліп, қызыға бастадым. Конкурстар қызу өтті, бәрі ауызбірлікте, — деп пікірімен бөліседі отанасы Әсия Қырбаева. — Іс-шара керемет, келесі жылы да міндетті түрде қатысамыз».

Әлібек, Айжан және Анель («Три А» командасы): «Бізге мұндай конкурстарды идесы қатты ұнады. Олар отбасының ұйымшылдығына бағытталған, нағыз спорттық рух береді. Анельге, әсіресе, оны қолымызды айқастырып тасымалдаған «Папамамамобиль» сайысы ұнап қалды» – деп әсерін жеткізеді Айжан Толыбекова.

Сейілбек, Айман және Райхан («Бәйтерек» командасы): «Конкурсқа «Бастысы жеңіс емес, қатысу» деген ұранмен келдік. Жүлделі орынды күтпеген едік. Бұл конкурс отбасылық өмірдегі жарқын сәттердің бірі болып жадымызда қалмақ» – деп пікірімен бөліседі Сейілбек Беркенов.

7 кезеңнің қорытындысы бойынша “Әкем, аннам және мен – спортшылар отбасы” отбасылық спорттық жарысының жеңімпазы тұғырына Сәбит Сұлтанның отбасынан құралған «Высшая лига» командасы көтерілді. Оларға I дәрежелі диплом мен теледидар табыс етілді. 

“Әкем, анам және мен – спортшылар отбасы” отбасылық спорттық жарысының жүлделі екінші орнын Мақсат Әшімовтың отбасынан құралған «Ұлы дала химигі» командасы иеленді. Олар II дәрежелі дипломмен марапатталып, заманауи көпфункционалды асүй комбайнын олжалады.

«Ең мақсаткер отбасы» номинациясымен «Жұлдыздар» командасы (Бағдат Тобашевтің отбасы), «Жеңіске жету жолындағы ғаламат табандылығы үшін» номинациясымен «Бірлік» командасы (Батырбек Медетбаевтың отбасы), «Жеңіске деген ерік-жігері үшін» номинациясымен «Три А» командасы (Айжан Толыбекованың отбасы) марапатталды. Номинанттарға бір-бір ысқыратын шәйнектен берілді.
    
Команда капитандары Дінмұхамедке («Жұлдыздар» командасы), Ерсейітке («Высшая лига» командасы), Ернарға («Ұлы дала химигі» командасы), Райханға («Бәйтерек» командасы), Анельге («Три А» командасы) және Арайға («Бірлік» командасы) құрастырмалы ойыншықтар үлестірілді.

«Асыл мирас» қоғамдық қоры атынан «Бірлік» командасы (Батырбек Медетбаевтың отбасы) «Көрермендер көзайымы сыйлығы» номинациясымен марапатталды.

Айта кететіні, Мақсатұлы Ернар («Ұлы дала химигі» командасы) мен кішкене гимнастка Сейілбекқызы Кәусардың («Бәйтерек» командасының жанкүйері) көрсеткен өнерлері спорттық мерекені айшықтай түсті.


  
«Әкем, анам және мен – спортшылар отбасы» секілді мұндай іс-шаралар бала мен ата-ананың спортпен әуестенуіне, командалық рухтың дамуына септігін тигізеді.  Бұдан бөлек, балалар жарыстарға қатыса отырып, ата-аналарының татулығы мен спортқұмарлығын мақтаныш тұтады.

Өткізілген іс-шара шыныққан шымыр әрі белсенді жандардың барлық уақытта қошталатынын дәлелдеді. Ал салауатты, бақытты отбасын иелену –әрбір адамның мақсаты. Шын көңілден ниеттенсе, бұл арманда орындалады!
БАРЛЫҚ ҚАТЫСУШЫЛАРДЫ ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!

Вы переходите на pkop.petrokazakhstan.kz