CNPC – сенімді серіктес
Бұған ширек ғасырдағы ынтымақтастық нәтижесі айғақ
Биыл Қазақстан мен Қытай арасындағы мұнай-газ саласындағы ынтымақтастыққа 25 жыл толды. Ол 1997 жылы ең ірі қытайлық инвестор – CNPC (Қытай Ұлттық Мұнай-газ Корпорациясы) қазақстандық нарыққа шыққан кезде басталды. Бұл – әлемдік мұнай алпауыттары көшбасшыларының үштігіне кіретін және 38 елде мұнай-газ операцияларын жүргізетін әйгілі халықаралық кешенді энергетикалық компания.
CNPC мен Қазақстан арасындағы ширек ғасырлық ынтымақтастық стратегиялық әрі өзара тиімді саналады. Ал өзара тиімділік неде? Қытайдан келген компания Қазақстан экономикасына қандай пайда әкелді? Қытай кәсіпорындары қарапайым қазақстандықтар үшін нендей жақсылық жасады? Отандастарымыздың арасында еліміздің жер қойнауын пайдалану саласында Қытайдан келген компания бар екені жайлы сөз қозғалғанда осындай сауалдар туындап жататыны жасырын емес. Ендеше, сол сұрақтарға жауап беруге тырысайық.
Инвестициялар
Бұдан 25 жыл бұрын CNPC «Ақтөбемұнайгаз» компаниясының акцияларын сатып алды. Сол кезде инвесторлар мұнда бірқатар түйінді мәселеге тап болды: салық, кредит пен жалақы бойынша қарыздар, логистикалық арналардан айырылғандық, ескірген және әбден тозған жабдықтар. Мұқият талдау жүргізгеннен кейін қытайлық басқарушылар ең жаңа үлгідегі құрал-жабдықтарды сатып алды, ғылыми зерттеулерді кешенді түрде қолдану арқылы көмірсутегін өндіру көлемін арттырды. Бұған көп уақыт пен қаржы жұмсалды. Нәтижесінде, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ шығынмен жұмыс істейтін кәсіпорыннан ең табысты компаниялардың біріне айналды. Ширек ғасыр ішінде ақтөбелік жобаға құйылған инвестиция сомасы 10,5 млрд доллардан асты. Бұл ретте Қазақстан Үкіметімен жасалған келісімшарт бойынша қытайлық корпорация 4 млрд доллар инвестиция салуға тиіс болғанын айта кеткен жөн.
Бұған қоса, CNPC инвестициясының есебінен Қазақстанда жаңа зауыттар, мұнай және газ құбырлары пайда болды. Жаңа кен орындары ашылып, мұнай өңдеу зауыты жаңғыртылды. Еліміз көмірсутегі шикізатын тасымалдау мен транзиттен ақша таба бастады. Құбыр жүйесі батыс өңірлерден оңтүстік пен солтүстікке қарай мұнай айдауға, шалғай ауылдардың тұрғындарын газбен қамтамасыз етуге, шикізатты экспортқа жіберуге мүмкіндік берді.
25 жыл ішінде CNPC Қазақстанның мұнай-газ кешенін дамытуға 45 млрд доллардан астам инвестиция салып, 50 млрд доллар салық төледі.
CNPC құрылтайшысы болып отырған кәсіпорындарда 30 мыңнан аса адам жұмыс істейді, оның 98 пайызы – Қазақстан азаматтары.
Барлау және мұнай өндіру
Бұл бағыттағы ең табысты жобалардың бірі – «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ. Ол – Ақтөбе облысының индустриялық флагманы. 25 жыл ішінде компания 150 млн тоннадан астам мұнай мен 90 млрд текше метрге жуық газ өндірді. Төленген салық сомасы 12 млрд доллардан асты.
Қытайлық инвесторлар бірқатар ірі және әлеуметтік маңызы бар жобаны қаржыландырды. Олардың ішінде Ақтөбе облысының шалғай ауылдарын газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік берген жаңа мұнай-газ өңдеу кешені мен газ құбырының құрылысы бар. Инновациялық технологияларды енгізудің нәтижесінде, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақытта құрлықтағы ең ірі бірінші мұнай кен орны – бастапқы қоры 100 млн тонна болатын Солтүстік Трува анықталды. Компания Жаңажол – Ембі темір жолының 72 шақырымын салды. Ол вахталық жұмыскерлерді тасымалдауға ғана емес, облыстың қажеттілігіне де пайдаланылып отыр. Компания объектілерінде 6 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
CNPC-дің тағы бір бірлескен кәсіпорны – «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы Маңғыстау өңіріне кеңінен танымал. Ол өңірде өндірілетін бүкіл мұнайдың үштен бірінен астамын, ал республикадағының 8 пайызға жуығын қамтамасыз етіп, тұрақты түрде Қазақстандағы ең ірі салық төлеушілердің үштігіне кіріп отыр.
Қызылорда облысында CNPC «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» жобасына қатысуда. Бұл – мұнай өндіруші компания, оның қызметінің аясына геологиялық барлау, кен орындарын игеру, мұнай және газ өндіру, сондай-ақ мұнай мен мұнай өнімдерін өңдеу және өткізу кіреді.
Сондай-ақ CNPC «North Caspian Operating Company» консорциумының құрамында Қашаған теңіз кен орнын игеруге қатысу үстінде. Бұл ретте CNPC кәсіпорындары өндірілген мұнайдың негізгі бөлігін (шамамен 65 пайызын) ішкі нарыққа жеткізіп отыр. Шынтуайтында, бұл экономикалық тұрғыдан тиімді емес. Себебі экспорттық баға әлдеқайда жоғары. Мұны мұнай-газ секторындағы шетелдік инвесторлардың ешқайсысы істемейді.
Тасымалдау
Көлік инфрақұрылымы – Қазақстан мен Қытайдың мұнай-газ саласындағы ынтымақтастығының аса маңызды бөлігі. CNPC қазақстандық серіктестерімен бірге Қазақстанның мұнай мен газға ішкі қажеттілігін қанағаттандыру және Қытайға шикізат экспорттау үшін орасан зор маңызы бар құбырлардың тұтас желісін құрды. Ынтымақтастық уақытында Қазақстан-Қытай магистральдарының желісі арқылы Қытайға 165 млн тонна мұнай мен 430 млрд текше метр газ экспортталды.
Бұл бағыттағы өршіл жоба – «Қазақстан-Қытай мұнай құбыры» компаниясын құру болды. Ол «Кеңқияқ-Құмкөл» және «Атасу-Алашаңқай» магистральдық мұнай құбырларын басқарады. Бұл жоба Қазақстанның батыс өңірінен Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарына, сондай-ақ Қытай нарығына шикізат тасымалдау жөніндегі маңызды стратегиялық міндетін шешті.
Қазақстан-Қытай газ құбыры – Қазақстанның газ саласындағы транзиттік әлеуетін дамытуға және табиғи газ жеткізуді әртараптандыруға бағытталған алғашқы жоба. Оның мақсаты – Қытай бағытында түрікмен және өзбек газының транзитін қамтамасыз ету, қазақстандық газды Қытайға экспорттау, сондай-ақ Қазақстанның оңтүстік өңірлерін газбен үздіксіз жабдықтау.
Бейнеу – Бозой – Шымкент газ құбыры батыстағы кен орындарын оңтүстік өңірлермен байланыстырып, оларды отандық табиғи газбен қамтамасыз етіп отыр. Ол салынғанға дейін еліміздің оңтүстігіне көгілдір отын Өзбекстаннан жеткізілетін және бағасы әлдеқайда жоғары болатын. Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы аса ірі құбыр жобасы. Оны CNPC және «QazaqGaz» Ұлттық компаниясы бірлесіп басқарады.
– Мұндай жобалар – «QazaqGaz» бен CNPC арасындағы стратегиялық ынтымақтастық жетістігі тарихының көрінісі. Біз газ бағасын белгілеу бойынша жүргізіп жатқан реформалар бүкіл газ саласы үшін теңдессіз болатынына, газ саласының рентабельділігі мен мүмкіншілігін ұлғайтатынына сенімдіміз және CNPC-дің үлкен қызығушылығын көріп отырмыз, – дейді «QazaqGaz» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Санжар Жәркешов.
Өңдеу және өткізу
Шымкент мұнай өңдеу зауыты 2018 жылы ауқымды жаңғыртудан өтті. Оны жүзеге асыру үшін компания акционерлері – CNPC мен «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы екі миллиард долларға жуық инвестиция салды. Содан бері зауыт Еуро-4/Еуро-5 стандартына сай жоғары сапалы өнім шығарып, қуаттылығы жылына 6 млн тоннаға дейін ұлғайды.