/**/

«KMG SKILLS» КӘСІБИ ШЕБЕРЛІК ЧЕМПИОНАТЫНДА ҮШ ЖҮЛДЕЛІ ОРЫН

12–14 қазан аралығында Атырау қаласында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ ұйымдастыруымен «KMG Skills» кәсіби шеберлік чемпионаты өтті.

Чемпионаттың негізгі мақсаты – жұмыскерлердің кәсіби шеберлігін арттыру және жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру.
КМГ-ның 18 еншілес және тәуелді ұйымынан келген 120 қатысушы 12 мамандық бойынша үздік атану үшін бақ сынады. Чемпионат бағдарламасы үш кезеңнен құралды: еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылуын анықтау, алғашқы медициналық көмек көрсету және мамандық бойынша практикалық тапсырмаларды орындау. Барлық қатысушылар тапсырмаларды сәтті орындап, өздерінің кәсіби шеберлігін, білімін және мол тәжірибесін көрсетті.
Аталған чемпионатта «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ атынан 9 мамандық бойынша 10 үздік маман қатысты.

Чемпионаттың салтанатты жабылу рәсіміне «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов қатысты. Құттықтау сөзінде ол «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы жұмыскерлерді кәсіби даярлау жүйесін жүйелі түрде дамытып келе жатқанын, жұмысшы мамандықтарына ерекше көңіл бөліп, мамандардың кәсіби өсуіне қолайлы жағдай жасауға басымдық беретінін атап өтті.
Чемпионат қорытындысы бойынша «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ жұмыскерлері осындай ауқымды іс-шараға алғаш рет қатыса отырып, жоғары ұпай жинап, үш жүлделі орынға ие болды.
I орын – «Мұнай және газ өндіру жөніндегі үздік оператор» номинациясы бойынша 100 ұпай жинаған, 4-разрядты мұнай және газ өндіру операторы ОМАРОВ АЛТЫНБЕК МАРАТҰЛЫ иеленді. Ол компанияда 2009 жылдан бері еңбек етеді. Компаниядағы еңбек өтілі — 17 жыл.

I орын – «Технологиялық сорғылардың үздік машинисі» номинациясы бойынша қабатқа жұмыс агентін айдайтын сорғы стансасының 5-разрядты машинисі РЫСМАҒАМБЕТОВ РУСЛАН ОРНЫҚБАЙҰЛЫ 98 ұпай жинап, жүлделі I орынға ие болды. Ол компанияда 2007 жылдан бері еңбек етеді. Компаниядағы еңбек өтілі — 19 жыл.

III орын — «Технологиялық қондырғылардың үздік операторы» номинациясы бойынша 4-разрядты сусыздандыру және тұзсыздандыру қондырғысының операторы ГУНДАРЕВ СЕРГЕЙ АЛЕКСАНДРОВИЧ 99 ұпай жинап, жүлделі III орынға ие болды. Ол компанияда 2010 жылдан бері еңбек етеді. Компаниядағы еңбек өтілі — 16 жыл.

I орын иегерлеріне «TECHNODOM» тұрмыстық техника дүкенінің 300 000 теңгелік, II орын иегерлеріне 200 000 теңгелік, ал III орын иегерлеріне 100 000 теңгелік сертификаттары табысталды.

Жеңімпаздарды лайықты жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз!
Барлық қатысушыларға белсенді қатысқандары үшін алғыс білдіреміз!

«KMG SKILLS» КӘСІБИ ШЕБЕРЛІК ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫНА ҚОШЕМЕТ КӨРСЕТУ

15 қазанда Бас офисте «KMG Skills» кәсіби шеберлік чемпионатының жеңімпаздарына қошемет көрсету рәсімі өтті.
Чемпионат қатысушыларына ізгі тілектерін «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ Басқарма төрағасы Чжу Айцзюнь мырза, «ПҚҚР» АҚ вице-президенті Зияш Қияқбаев мырза, «Қазақстан мұнай-газ кешені салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының басшысы Алтынхан Искакова ханым және «ПҚҚР» АҚ кәсіподақ комитетінің төрайымы Бақытжан Мұқашева ханым білдірді.

«ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ Басқарма төрағасы Чжу Айцзюнь мырза чемпионатқа белсенді қатысып, практикалық дағдылары мен терең білімдерін көрсеткен барлық қатысушыларға алғысын білдірді. «Сіздердің жетістіктеріңіз – жоғары кәсіби шеберлік пен табанды еңбектің нәтижесі. Өз күштеріңізге деген сенімдеріңіз артып, компания мен мұнай-газ саласының игілігі жолында бұдан да биік белестерді бағындыруларыңызға тілектеспіз! Компания Президенті Чэнь Даю мырзаның шешімімен жеңімпаздарға ақшалай сыйақы беріледі: I орын үшін – 300 000 теңге, III орын үшін – 100 000 теңге», – деп атап өтті Чжу Айцзюнь мырза.
Сонымен қатар компания атынан барлық қатысушыларға дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ МГӨЦ, МДАЦ, ГКЖЦ және химиялық жүйелер бөлімшелерінің жетекшілері мен тәлімгерлері де естелік сыйлықтармен марапатталды.
«Қазақстан мұнай-газ кешені салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының басшысы Алтынхан Искакова чемпионат жеңімпаздарына алғыс хаттар табыс етті.
«ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ кәсіподақ комитетінің төрайымы Бақытжан Мұқашева чемпионат жеңімпаздарына 30 000 теңге көлемінде, ал қалған қатысушыларға 15 000 теңгеден ақшалай сыйақы табыстады.
I орын иегері, мұнай-газ өндіру жөніндегі 4-разрядты оператор Алтынбек Омаров беделді чемпионатқа қатысуға мүмкіндік жасағаны және қолдау көрсеткені үшін компания басшылығына алғысын білдірді. «Мұнай және газ өндіру жөніндегі үздік оператор» номинациясында жеңімпаз атану мен үшін үлкен мәртебе! Чемпионат өз мүмкіндіктерімді сынап, басқа мұнай компанияларының әріптестерімен тәжірибе алмасуға тамаша мүмкіндік болды. Қолдау көрсетіп, сенім білдіргені және кәсіби дамуым үшін жағдай жасағаны үшін компания басшылығына шынайы алғысымды білдіремін. Бұл жеңіс маған алға ұмтылуға, жаңа мақсаттар қойып, бұдан да жоғары нәтижелерге қол жеткізуге шабыт береді», – деп атап өтті Алтынбек өз сөзінде.
Чемпионат қатысушыларымен өткен кездесу естелік фотосессиямен аяқталды.

Жеңістеріңіз бұдан да биік белестерді бағындыруға бастайтын жаңа қадам болсын!

Вы переходите на pkop.petrokazakhstan.kz